«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Біз – заңды тұлға емеспіз!

2016 жылғы 18 Ақпан
- Ақтөбе облысы
7774 просмотров

Ақтөбелік жеке кәсіпкерлер жылумен қамтамасыз ету қызметіне заңды тұлға ретінде ақы төлеуге мәжбүр

Ақтөбе облыстық Кәсіпкерлер Палатасына ақпан айының басынан бері «Трансэнерго» АҚ-ның жылу энергиясына тарифтерді көтеруіне байланысты 120 шағым келіп түсті.

Бұл мәселе Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес мүшелерінің талқысына ұсынылды.

ӨКП директорының орынбасары Мирлан Бисенғалиев берген ақпарат бойынша, 2015 жылдың қараша айында Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстық департаменті «Трансэнерго» АҚ-ның өз қазандықтарынан шығарылатын және шеттен алатын жылу энергиясын беру, тарату және қамтамасыз ету қызметтері тарифтерінің шекті  деңгейі бойынша 2015-2020 жылдарға дейінгі ұзақ мерзімге арналған тарифтік сметаларын бекітіп берген болатын. 2016 жылы жылу қуатын есептеуші аспаптардың бар немесе жоқтығына қарай жіктелген тарифтер бекітілді және 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Соның нәтижесінде есептеу аспаптары бар заңды тұлғаларға арналған тарифтер 40%-ға өсірілді, ал есептеуіш қоймағандар үшін 131,7 %-ға қымбаттады.

Мысал ретінде «Нұржанова Х.» ЖК-мен болған оқиға келтірілді. Кәсіпкердің аумағы 60 шаршы метрлік шаштаразы бар. Өткен жылдың желтоқсан айында ол жылу қуаты қызметі үшін коммуналдық кәсіпорынға он мыңнан сәл астам ақша төлеген, ал биылғы қаңтар айының өзінде «Трансэнерго» 27 334 теңгенің шотын жіберді.

«Жылу қуатының тарифі іс жүзінде 131,7% құрады, бұл шағын кәсіпкерлік субъектілерінің иығына түскен үлкен жүк», – дейді Мирлан Бисенғалиев.

Палата сарапшылары қалыптасқан жағдайға талдау жасады, ҚР-ның қолданыстағы талаптарын зерттеді.

«Тұтынушылар тобына қарай тарифтерді жіктеуге зер салғанда, жеке кәсіпкерлер басқа ұйымдардың, яғни, заңды тұлғалардың санатына жатқызылғаны көрініп тұр. Мұны «Нұржанова Х.К.» ЖК-не берілген, 6 560,63 теңге/Гкал тарифі бойынша есептелген төлемақы шоты да растайды. Біз, «Трансэнерго» АҚ-ның ЖК-лерге заңды тұлға ретінде тариф тағайындау жөніндегі әрекеттері ҚР-ның қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы келеді деп санаймыз», – деген түйін жасады директордың орынбасары.

Дәлел ретінде Мирлан Бисенғалиев ҚР-ның «Электр энергетикасы туралы» заңын келтірді, онда жылу қуатын тұтынушылар жеке және заңды тұлғалар деп бөлінген. Бұны, сондай-ақ, «Трансэнерго» АҚ-ның сайтында орналастырылған ресми ақпарат та дәлелдейді, оған сәйкес, кәсіпорынның жылумен және ыстық сумен  қамту қызметтерін 76 279 абонент тұтынады, олардың 74 285-і – жеке тұлғалар және 1 994-і – заңды тұлғалар. Бұл  ЖК жеке тұлғалардың санатына кіргенін білдіреді.

ТМРК департаментінің өкілдері, өз кезегінде, Жоғары соттың нормативтік қаулысына сілтеме жасады, онда ЖК заңды тұлғалармен теңестірілген.

Алайда, осы қаулының екінші абзацында, егер де жеке кәсіпкер тұтынылатын жылу қуатын кәсіпкерлік мақсатта пайдаланбаса, онда тұтынғаны үшін төлемақыны ол тұрмыстық мақсаттағы тұтыну, яғни жеке тұлға ретінде төлеуі тиіс деп тайға таңба басқандай жазылған.

Қызу пікірталас нәтижесінде іс материалдарын облыс прокуратурасына жіберу туралы шешім қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер