«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Әсем Талғатқызы: Сапаны уақыт анықтайды

2017 жылғы 08 Желтоқсан
1923 просмотров

Бүгінгі таңда көпшілік, әсіресе жастар жеке кәсіппен айналысуды жөн санайды. Бастысы мақсат қойғаннан кейін қабілет-қарымына қарай кәсіп жолын таңдайтыны да анық. Идеяны зерделеп бизнес-жоспарға айналдыру үшін білім мен білік қажет

Бірі тауар сатумен айналысса, енді бірі қызмет көрсетуді қолға алады. Сапалы қызмет көрсету арқылы саналы білім беруді таңдаған кәсіп иесі істі неден бастайды, қандай мәселелер мен қиындықтар туындайды? Осы және өзге де сауалдардың жауабын «IQplus.kz» орталығының жетекшісі Әсем Талғатқызының тәжірибесінен біле аламыз...

Әсем Талғатқызы: «Көпшілікті жеке бизнес жайлы ой мазалайтыны анық. Жалдамалы жұмыс істеу пен жеке кәсіптің арасында айырмашалық бар екені белгілі. Бекітілген жұмыс кестесінен гөрі, ауыспалы, жағдайға қарай ыңғайластырылған уақытта еңбек еткен тиімді деп ойлаймын. Әрине бірі сауданы, енді бірі қызмет көрсету саласын таңдайды. Мен басқа бизнеспен салыстырғанда айналымдағы қаражаты аз болатын тиімді сала – білім беру орталығын ашуды жөн көрдім. Негізгі мамандығыммен тікелей байланысты. Басты жауапкершілік – сапалы қызмет көрсету».

Бизнеспен айналысу үшін жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелу керек. Тәжірибелі мамандардың кеңесіне сүйенсек, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген тиімді. Ал оқу орталығын ашу арнайы лицензияның қажеті жоқ. Дегенмен оқу орталығы заңнама нормаларына сай, тұтынушыны қызықтырып, белгілі бір көлемде табыс әкеліп тұру үшін оны дұрыс ұйымдастырылуы керек.

Әсем Талғатқызы: «Ең алдымен нарықты зерттеу керек. Қандай мамандықтарға сұраныс бар, қай саланың маңызды деген мәселелерді анықтап алған жөн. Бастапқыда оқу орталығы азаматтардың жас ерекшелігіне қарай құрылуы керек. Мысалы мамандардың біліктілігін арттыратын, кәсіпке баулитын орталықтар жұмыс істейді және қосымша білім беру арқылы репетиторлықпен айналысатындар да бар. Кәсіп иесін дайындайтындар үшін еңбек нарығын зерттеу керек болса, шағын орталықтар оқушылардың зейінін ашып, қабілетін дамытуға күш салады. Мен өз мамандығыма сай екінші жолды таңдадым».

Орталықтың сапалы қызметі үшін білімді маманның болуы басты қағида. Білім алу үшін жайлы орынмен және қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету кәсіпкердің жауапкершілігінде.

Әсем Талғатқызы: «Жоғары білімді, оқушылармен жұмыс істей алатын, оқытып-үйретуде тәжірибесі бар мамандарды таңдау кәсіптің өркендеуіне септігін тигізеді. Мысалы оқушылар сабақ үлгерімі үшін қосымша білім алса, кей дарынды балалар тереңірек үйренуді қалайды. Осы аралықты ажырата білу керек. Оқушылардың деңгейіне қарай оқу құралдары таңдалады, тапсырма да соған сай беріледі. Әр деңгейден өткенін бақылап, жетістігін зерттеп, оқу бағдарламасын өзгертіп отырамыз».

Жас кәсіп иесі бұл саланы бекер таңдамаған. Физика-математика саласының маманы бірнеше жыл бойы қосымша білім беру орталығында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағаннан кейін өз кәсібін ашуға бет бұрған. Интернеттің дамыған уақытында қашықтықтан білім беруді де қолға алған.

Әсем Талғатқызы: «Онлайн байланыс арқылы білім беруді де қолға алдық. Қаланың алыс ауданында тұратын оқушы үшін компьютер алдында отырып сабақ алу тиімді. Жолына уақыт жұмсамайды, ата-анасы да уайымдамайды. Дегенмен жүзбе-жүз сабақ алу да қарастырылған. Себебі қашықтықтан зейін қоюы бір басқа, тікелей жұмыс істеудің әсері де, пайдасы да бөлек».

Ата-аналар тәжірибелі мұғалімдер сабақ беретін оқу орталығына сенеді. Мамандарды түйіндемесіне мән бере отырып, тікелей тілдесу арқылы іріктеу – кәсіпті басқару мен жұмысты үйлестірудің талабы. Өз кезегінде мұғалімдер сабақ кестесін құрып, әрбір баламен жеке жұмыс істеп, өнімді еңбек етеді.

Әсем Талғатқызы: «Қазіргі таңда мектепке дейінгі оқытатын, қосымша білім беретін орталықтар көп. Оның ішінде сапалысын уақыт анықтайды. Бізде сапалы қызмет көрсетілетініне көзі жеткізгеннен кейін ұсыныс беру үрдісі қалыптасқан. Осының өзі – жарнама. Адамдар бір-бірінен естіп келіп жатады. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде қызметіміз жайлы баяндап, ізденушілерге ақпарат береміз. Осылайша кәсіп жалғасады».

Қарлыға Телман


Еншілес ұйымдар

Серіктестер