«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбе облысы Іскер әйелдер кеңесі ауылды дамытуға күш салады

2017 жылғы 25 Мамыр
- Ақтөбе облысы
10175 просмотров

Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің көшпелі құрамы іссапармен Байғанин ауданында болып, кәсіпкер қыз-келіншектермен кездесті

Іскер әйелдер Кеңесінің бір топ мүшелерін бастап барған кеңес төрайымы Күлпаршын Айдарханова ауылдық жерде өз кәсіптерін ашып, жұмыс істеп отырған жандармен жақынырақ танысты.

Кеңес мүшелері аудан орталығындағы мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында пайдалануға берілген «Әсем» балабақшасының, жеке кәсіпкер Гүлшат Сейтқазина жолға қойған «Әлихан» сауда үйінің, жеке кәсіпкер Жанар Тұрмұханованың наубайханасында, жеке кәсіпкер Гүлдана Балмағанбетованың ашқан «Інжу» әсемдік салонында болып, олардың жұмыстарын көрді, өздерімен пікірлесті.

Кездесу барысында аудандағы кәсіпкер әйелдердің атқарып жатқан жұмыстары және олардың кезігіп отырған мәселелері кеңінен әңгіме болды. Сонымен бірге жаңадан кәсібін ашқысы келетін қыз-келіншектерге кәсіпті ашу, оны дұрыс жүргізу, несие алу сияқты мәселелер бойынша кеңес берілді.

Кездесуді ашқан аудан әкімі Асқар Шериязданов аудандағы кәсіпкерліктің жайы және ондағы қыз-келіншектердің үлесі туралы жан-жақты мәлімет берді.

«Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін қыз-келіншектердің лайықты мамандықтары жоқ. Олардың көбі арнайы білім алмаған. Осындай жандарға ауданда үш және алты айлық курстарда оқып, өздерінің таңдаған кәсіптеріне лайықты мамандануға мүмкіндіктері ба»,– деп жеткізді ол.

Осы пікірді қолдаған облыстық Іскер әйелдер Кеңесінің төрайымы Күлпаршын Айдарханова жиналған қыз-келіншектерге елімізде өз кәсібін ашамын деген жандар үшін жасалып жатқан мүмкіндіктер мен қолдаулар туралы айқын да жан-жақты ақпарат берді. Аудандағы өз кәсібін жаңа бастап жатқандарға өз салалары бойынша облыс орталығында тегін шеберлік сабақтарынан өтуге көмек беретіндігін жеткізді.

«Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауларында орта және шағын бизнесті дамыту қажеттігі туралы үнемі айтып келеді. Осыған орай облыста Кәсіпкерлер палатасы жанынан 2015 жылы  Іскер әйелдер Кеңесі құрылып, өз жұмысын бастаған болатын. Мұндай кеңесті құрудағы басты мақсат – еліміздегі орта және шағын бизнесті дамытуға қала және аудан қыз-келіншектерінің өз үлестерін қосуды қамтамасыз ету. Қазіргі таңда облыстың 12 ауданында іскер әйелдер кеңесінің бөлімшелері жұмыс істейді. Облыс бойынша жұмыс істейтін 7 164 өндірістің 22 пайызын әйелдер басқарып отыр. Жеке кәсіпкерлік саласының 55 пайызының тізгіні нәзік жандар қолында. Бұл негізінен сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салалары саласында. Жұмыс жан-жақты және белсенді жүргізілуде. Үкіметтің қолдауымен мемлекеттік және жеке меншік серіктестік аясындағы жұмыстар негізінен қалада қарқын алып тұр. Енді осындай жұмыстарды аудандарда, ауылдарда жандандыру керек»,– дейді осы істің басы-қасында жүрген Күлпаршын Айдарханова.

Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, кездесу, кеңесу барысында ауданда қонақ үй жоқ, жылыжайлар керек, балабақшалар әлі де жетіспейді. Бұл ауқымды жұмысты жүзеге асыру  үшін батыл да іскер әйелдер қолдауға дайын екендіктерін білдірді.

Жеке кәсіп ашу мен оның жолдары туралы тереңірек білгісі келген қыз-келіншектердің көкейде жүрген сауалдарына облыстық Іскер әйелдер Кеңесінің мүшелері жеке кәсіпкерлер «Жаңа-Бақыт» ЖШС директоры Жанар Елеусізова, «Буфет» кафесінің құрылтайшысы Шынар Құлмұханова және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ АФ Байғанин ауданы бойынша несие жөніндегі менеджері Әйгерім Дербісова жауап берді.

Жиын барысында аудандағы кәсіпкер әйелдердің басын біріктіретін, олардың әр ісіне қолдау білдіріп, көмек беретін іскер әйелдер қауымдастығы құрылды. Оның басшылығына аудандағы белсенді жас кәсіпкер Әсел Сарманова тағайындалды. Аудандағы көп жылдардан бері кәсіпкерлікпен айналысып, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосып жүрген Жантеңге Ақбалжанова, Қалима Аманғалиева, Алтынгүл Қажи сынды нәзік жандар ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Іскер әйелдер Кеңесі атынан алғыс хатпен марапатталды.

Облыстық Іскер әйелдер Кеңесінің мүшелері аудандағы жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық жасауды да дәстүрлі іске айналдырды. Олар Байғанин ауданына сапарларында көп балалы, аз қамтылған және жұмыссыз, мүгедек бала тәрбиелеп отырған Бибігүл Имашева, Баянсұлу Кенжебаева, Гүлбақыт Сариманова сынды аналарға әрқайсысына 30 мың теңгеден қаржылай көмек берді. Өз кезегінде олар да облыстық Іскер әйелдер Кеңесінің мүшелеріне алғыстарын білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер