«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбенің үздік үш инноватор оқытушысы анықталды

2018 жылғы 26 Ақпан
- Ақтөбе облысы
5940 просмотров

Ақтөбе политехникалық колледжінде «Оқытушы-инноватор» байқауының қорытынды кезеңі өтті. Аталмыш байқау Eurasian Resources Group (ERG) , Алматы қаласындағы Management University кәсіпкерлік және инновациялық даму орталығы және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өңірімізде 2 – мәрте ұйымдастырылып отыр.

Конкурс кәсіпкерлік саласындағы оқытушыларға қолдау көрсету, кәсіпкер жастардың бастамаларын дамытуға жәрдемдесу, жастарды кәсіпкерлікті дамытуға ынталандыру, оқытушылардың қазіргі заманғы білім беру ортасында тиімді жұмыс істеуі үшін шығармашылық және кәсіби мүмкіндіктерін ашуға бағытталған. Eurasian Resources Group (ERG) тобы аталмыш байқауды өткізуге еліміз бойынша Ақтөбе және Қарағанды қалаларының оқу орындарын лайықты деп тауыпты. Байқаудың шарты бойынша әртүрлі курстар мен мамандықтарының студенттері тәлімгер-оқытушылардың басшылығымен стартап жобаларын әзірлеп, ұсынуы тиіс болатын.

Ақтөбе политехникалық колледжінің оқытушылары мен студенттері байқауда 12 жоба таныстырып, кәсіпкерлік саласындағы идеяларын ортаға салды. Таныстырылған жобалар арасында шағын наубайхана, шеберхана ашу, сайт жасау, әлеуметтік парақшалар дайындау, жиһаз шығару секілді күнделікті кәсіпкерлік түрлерімен қатар, вагон-контейнерлерден тұрғын үй құрастыру, үй жағдайында балапан шығаратын инкубатор, дайындық сыныбында оқитын бүлдіршіндерге арналған үш тілде оқытуға арналған тақта сынды соны ойлар кездесті.

Байқау қорытындысы бойынша, Eurasian Resources Group (ERG) арнайы жүлделері Ақтөбе политехникалық колледжінің оқытушылары Асқар Аймұқатовқа (1-орын, үш тілді алфавиттік магниттік тақта жасау жобасы) , Ғалымжан Ізімовке (2-орын, құс өсіру инкубаторын автоматтандыру), Ринат Хайруллаевқа (3-орын, баспа өнімдерінің дизайнын жасау), табыс етілді. Барлық жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар берілді.

«Біздің жобамыздың ерекшелігі-сапасында. Магнитті әріптер ылғалданбайды, түстері қанық, сапалы материалдардан дайындалған. Бала бақшаларымыз бен мектептің даярлық топтарында қазақ тілді материалдың тапшылығы байқалады. Біз осы кемшіліктің орын толтырғымыз келеді. Болашақта магниттік әліппемізді латын әріптерінен жасасақ па деп жоспарлап отырмыз»,-деді Асқар Аймұқатов.

Жұмыстарды бағалауда оның инновациялығы, өміршеңдігі, коммерциялық тиімді болуы, «сатылымы», инвестицияларды тарту мүмкіндігі, жобаны таныстыру шеберлігі мен материалды ұсыну ерекшелігіне баса назар аударылды.

«Ұсынылған жобалардың барлығы дерлік мақтауға түрарлық. Әсіресе, жастардың кәсіпкерлік саласына ден қойып, жобаларды өздері ойлап тауып, өзгелерден ерекшеленуге тырысқандары ұнады. Енді осы талпыныстарын терең біліммен ұштастыра білсе, тәуір жобалардың дүниеге келуі ғажап емес», - деді қазылар құрамында болған Ақтөбе өңірлік Кәсіпкерлік палатасының бөлім басшысы Ержан Нұрғалиев.

Сондай-ақ, байқау барысында Кәсіпкерлік палатасының сарапшылары қатысушыларға кәсіпкерлікті кәсіби тұрғыда жүргізу туралы мәліметтер берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер