«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбеде кадр қызметкелерінің клубы ашылды

2018 жылғы 16 Наурыз
- Ақтөбе облысы
1541 просмотров

Кадр қызметкерлерінің «HR-менеджерлері клубы» Ақтөбе облысының «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының бастамасымен ашылды

Клубтың алғашқы отырысы ӨКП директоры Н.Мұқановтың төрағалығымен Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында өткізілді. Кадр мамандарының қызметіне жан-жақты қолдау білдіру үшін ұйымдастырылған жиынға ӨКП бөлім басшылары, аймақтағы ірі, орта, шағын бизнестегі персоналды басқару қызметкерлері және өңірдегі тәжірибелі кадр мамандары қатысты.

«Өңірдегі бизнес субъектілеріндегі мамандардың жетіспеушілігі, жұмысшы мамандықтардың имиджін көтеру және  жастарды жұмысқа алу мәселелерінде кадр қызметкерлерінің ықпалы тиісті деңгейде ескерілмей келеді. Біз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан «HR-менеджерлері клубын» ашуды ұйғардық. Клуб жұмысында еңбек заңнамаларындағы өзгерістер талқыланып, кадрлық қызметтерде кездесетін түрлі проблемалар ортаға салынатын болады. Біз өз тарапымыздан кадр мамандарының әлеуетін көтеруге барынша қолдау білдіреміз», – деді жиынды ашқан ӨКП директоры Нұрлыбек Мұқанов.

HR-менеджерлері клубының отырыстарында заңнамалардағы өзгерістер мен қатар, мемлекеттік бағдарламалардың қолданылуы, еңбек қатынастары кезінде жиі орын алатын қақтығыстардың шешімдері, маман тапшылығы секілді тақырыптар қамтылады. Клуб алдын-ала белгіленген жоспар бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ, аталмыш клубтың мүшелері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының реестріне оқу орталықтарын енгізу жұмыстарына қатысатын болады.

«Кадр мамандарының өзара ақпарат алмасатын алаңының біздің өңірімізде де ашылғанына өте қуаныштымыз. Әрбір мекеменің бет-бейнесі бұл - білікті мамандар, ал мамандарды персоналды басқару қызметкерлері таңдайды, халық арасында «барлығын кадр шешеді» деген сөз бар емес пе? Біздің қызметіміздің де жаңа сатыға көтерілгенін қалаймыз. Бара-бара кадр мамандары қызметкерлерді жұмысқа тартып қана қоймай, олардың жаңа ортаға тезірек үйренуіне де  ықпал жасайтын болуы тиіс. Бұл үшін біз арнайы дайындықтан өтуіміз қажет. Осы да басқа мәселелерді талқылайтын орта керек-ақ», – деді «ТрансТелеком» АҚ кадр бөлімінің басшысы Мариса Тулеубаева.

Кадр мамандарының жиынында аталмыш сала бойынша қордаланған мәселелер ортаға салынып, олардың шешімі талқыланды. Клубтың ережесі қабылданып, төрағасы сайланды, хаттама толтырылды. Сондай-ақ, жедел ақпарат алмасу үшін клубтың Facebook, WhatsApp әлеуметтік желілерінде  парақшасы ашылатын болды. Клубтың келесі басқосулары форум, шеберлік сабақтар, тренингтер түрінде өткізілетіндігі туралы шешім қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер