«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер полиция қызметкерлерінің қызметтеріне шағымданды

2018 жылғы 31 Наурыз
- Ақтөбе облысы
4959 просмотров

Ақтөбе облысының Кәсіпкерлік палатасы алаңында Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өткізілді. Оған «Нұр Отан», «Ақ жол» партияларының, кәсіпкерлік басқармасының басшылары, депутаттар, БАҚ өкілдері, Кеңес төрағасы мен мүшелері, облыстық, қалалық әкімдіктің IT мамандары, сәулет басқармасының қызметкерлері қатысты

 Отырыста қаралған алғашқы мәселе «АвтохимснабАқтөбе» ЖШС басшысы Сергей Демчук ІІБ Елек және Зауыт бөлімшелерінің қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерді қорғау жөніндегі Кеңесіне жолдаған шағымына байланысты болды.

Кәсіпкердің айтуынша, Ақтөбе қаласының Елек полиция бөлімшесінің аға лейтенанты А. Бектілеуованың қаулысымен 2018 жылдың 24 ақпан күні поиция қызметкерлері «АвтохимснабАқтөбе» ЖШС меншігіндегі «Титан» дүкенінінің  және «Көл-Авто» базарындағы бутиктерден жалпы сомасы 5 млн. 706 мың теңгені құрайтын  2 958 кг «Mobil» маркалы матор майларын тәркілеген. Тергеу амалдары «АвтохимснабАқтөбе» ЖШС алынған «Mobil» матор майларының тәуелсіз сараптама нәтижелеріне сәйкес контрафактілік жолмен алынғаны жөніндегі «KulanOil»ЖШС басшысы Б.Т. Демесиновтың арызы бойынша 23.02.2018 ж. күнгі №151510031000686 сотқа дейінгі іс жүргізу аясында жасалған.  Алайда арызда зерттеу жұмыстарына  «АвтохимснабАқтөбе» ЖШС матор майларының үлгілері ұсынылғаны жөнінде куәлік ететін дәлелдер келтірілмеген. Сондай-ақ, алынған тауарларды тиеу мен тасуды арыз беруші жүзеге асырады.

 «Бұл жағдай Ақтөбе Елек және Зауыт полиция бөлімшелерінің қызметкерлерінің іс-әрекеттерінің заңдылығына және объективтілігіне күмән келтіреді. Олар, тіпті, мотор майының құжаттарын көрсетуімді де талап етпеді. Мен өз адвокатыммен бірге прокуратураға да арыздандым. Алайда, жауап болмай отыр», - дейді АвтохимснабАқтөбе» ЖШС басшысы Сергей Демчук.

Осы мәселенің ақ-қарасын анықтау мақсатында ӨКП сарапшылары отырысқа Ақтөбе Елек және Зауыт полиция бөлімшелерінің қызметкерлерін шақырған болатын. Алайда, олар кәсіпкерлермен кездесуге келмеді.

Дөңгелек үстелде қабылданған қарарға сай Кәсіпкерлік палатасы Ақтөбе облысының ІІД бастығының атына процессуалдық шешім шығаруда пайдалану үшін «Mobil» маркалы мотор майының сатып алынған жері туралы құжаттардың түпнұсқасы мен көшірмелері тіркелген өтінішті дайындап, жіберетін болды. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының прокурорының атына Елек және Зауыт бөлімшелерінің қызметкерлерінің әрекеттеріне прокурорлық шара қолдану туралы өтініш жасалады.

Отырыста қозғалған келесі мәселе - жер учаскелері және инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылу туралы ақпараттарға онлайн-қолжетілімділіктің жеткіліксіз жүргізіліп отырғандығы туралы болды.

«Атамекен» ҰКП 30.05.2017ж. ҚР Үкіметі отырысында бизнестің жүйелі мәселелерін шешу үшін 9 бастаманы жариялаған болатын, оның 6-уы Ақтөбе облысының әкімдігінің қаулысымен қабылданған «2017-2019 жылдарға арналған Ақтөбе облысындағы бизнесті жүргізу және жаппай, оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту жағдайларын жақсарту туралы жоспарына» енгізілгені белгілі.

Бүгінде осы бастамалардың бірі саналатын жер учаскелері және инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылу туралы ақпараттарға қолжетімділік мәселесі әлі шешімін таппай отыр.

Айталық, қазіргі уақытта geoportal.akt.kz аймақтық сайтында Ақтөбе қаласының электронды картасы жарияланған. Онда жоспарланған жер аукциондары, бағыттар, ұйымдардың анықтамалығы, қалалық іс-шаралар, қылмыс картасы және ЖКО т.б. орналастырылған. Дегенмен, картада құрылыстың  қызыл сызықтары, тиісті массивтердің ТЖЖ, инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылуға қажетті бос жер учаскелері мен қуаттар туралы ақпарат жоқ.

Бұл сұраққа «Ақтөбе қала құрылыс монитроинг» МКМ басшысы Сәуле Иманбаева жауап берді:

«Біз былтырдан бастап сайтты құру жұмыстарымен айналысып келеміз. Сіздер айтып отырған учаскелер мен желілер туралы сайтта мәліметтер бар. Алайда оны тек әкімдіктің қызметкерлері ғана қарай алады. Өйткені қаланың Бас жоспарында жүргізілген қызыл сызықтар әлі толық тексеруді қажет етеді. Инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ететін монополиялардан қажетті деректер жинақталу үстінде. Қаржылық қолдау жеткілікті болса, сайтты толықтыру  үстіміздегі жылдың 1 маусымына дейін аяқталады деп күтіп отырмыз. Сонымен қатар, заңға сәйкес, инженерлік құрылымдар қала бойынша толық көрсетілмеуі тиіс. Бұл құпия ақпарат саналады. Алайда кәсіпкерлер мен жеке адамдар әкімдік қызметкерлерінен жекелеген нысандар туралы ақпарат алуға құқылы».

Кәсіпкерлік палата мамандары отырысты қорытындылай келе, аталмыш мәселелер бойынша Ақтөбе облысы әкімінің атына аталмыш сайтты толықтыруды қамтамасыз ететін қызметкерлердің Бас жоспар мен Түбегейлі жобалау жоспары туралы мәліметтерді орналастыру бойынша міндеттемелерін жауапты орындауы туралы және Ақтөбе қаласының әкіміне Ақтөбе қаласының интерактивті картасы жобасының жүзеге асырылуын қаржылық қамтамасыз етуге байланысты өтінішті бағыттайтын болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер