«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбеде кәсіпкерлердің білім алуға ынтасы артқан

2018 жылғы 16 Мамыр
- Ақтөбе облысы
1595 просмотров

Ақтөбе облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы кезекті «Бизнес өсу» жобасы бойынша курс өткізуде. Бүгінгі бизнес сабақтарына қатысу үшін 37 кәсіпкер  тілек білдірді. Кәсіпкерлерге бизнесті сауатты жүргізу тәсілдерін ӨКП Кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету орталығының тәжірибелі бизнес-тренері Сәлима Мұқанова үйретеді.

Қатысушылардың бірі Ерлан Тобағұлов кәсіпкерлер палатасына дән риза. Айтуынша, Мәртөк ауданы, Қаратоғай ауылында жұмыс істеп тұрған шаштараз қызметін бастауға ӨКП мамандарының сүйемелдеуімен қол жеткізген.

«Алғаш бизнесімді бастағанда білместікпен көп кедергілерге тап болдым. Алайда, сол уақытта «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жолыққаным жақсы болды. Палата мамандары бизнесімді сақтап қалуыма көмектесті. Қазіргі кезде шаруам жүріп, отбасымның табыс көзіне айналып отыр. Бүгінде тұрақты клиенттерім де қалыптасып үлгерді. Енді «Бизнес өсу» курсына қатысып, Мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы алып, үй құстарын өсірумен айналысқым келеді»,-дейді кәсіпкер.

«Бизнес өсудің» тағы бір тыңдаушысы Гүлмира Күнтуғанова көп жылдар бойы банк саласында қызмет жасаған. Енді ол банк құрылымындағы жұмыс тәжірибесін жеке бизнесін жүргізуге пайдаланбақ. Кәсібін туған ауылы Әйтеке би ауданынан жылқы шаруашылығын ашудан бастамақшы. Жұмысы жүріп жатса, таза табиғи ұлттық тағамдар ұсынатын «Қымызхана» ашуды жоспарлап отыр.

«Бизнесте сәтсіздіктерге ұшырамау үшін кәсіби тренерлерден сабақ алып,  кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп алған дұрыс деп есептеймін. Бүгінгі тренингтен мен өзіме қажетті біраз нәрсені түртіп алдым. Тренинг шын мәнінде шынықтырып, мүмкіншілігіңді шамалауға көмектеседі екен әрі ойын түрінде өткендіктен еш жалықтырмайды, жеңіл қабылдайсың», -дейді ол.

Кенжебай Алдашев өзі тұратын Заречный – 2  ауылына балалар мен жастарға арналған спорт кешенін салуды армандайды. Халық саны жыл сайын артып отырған елді мекенде спорт нысандары жетіспейді. Бұрын мал шаруашылығымен айналысқан ол кәсіптің жаңа түрін меңгеріп, спорттық білім беру орталығын ашу үшін қажетті құжаттар мен осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар туралы білгісі келеді.

«Бизнес өсу» оқыту курсының тыңдаушылары саны жағынан да, сапасы жағынан да өсіп келеді. Халықтың кәсіпкерлік жөнінде білім алуға құштарлығының артқаны байқалады. Айталық, жыл басынан бері «Бизнес өсу» курсын 200-ге тарта адам бітірген болса, «Бизнес-кеңесші» тренингінен 876 адам өтті. Бұл қуантарлық жайт. Алда өңірдің білікті кәсіпкер-тәлімгерлерінің қатысуымен «Жобалық оқыту» тәжірибелік сабақтары өткізіледі. Оған да қазірдің өзінде қатысамын деушілердің саны жинақталып жатыр»,-дейді  Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының  бизнес тренері Сәлима Мұқанова.

«Бизнес өсу» оқу курсы 5 күнге созылады. Бұл курсқа «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша оқудан өткен немесе жұмыс істеп тұрған бизнесі бар кәсіпкерлер қатысуда. Тренинг сабағы ойын, тест, сұрақ-жауап түрінде өткізіледі.  Оқу ақысыз жүргізіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер