«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ерекеше өнер мектебі

2018 жылғы 27 Маусым
- Ақтөбе облысы
4133 просмотров

«Бизнес-Кеңесші» жобасының тыңдаушысы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған өнер мектебін ашты

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Өнер мектебі есігін айқара ашты. Мұнда балалар домбыра мен би үйірмелеріне қатысып, ағылшын тілін үйренеді. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар орталыққа ақысыз қабылданады. Сондай-ақ, дене кемістігі бар балалар да үйірмелерге қатыса алады. Олар сау балалармен қатар ақылы бөлімде білім алады.

«Музыканың адам денсаулығына оң әсер етіп, әсіресе,  балалардың есте сақтау қабілетін дамытып, көңіл-күйінің жақсаруына ықпал ететіні баршаға аян. «Өнер-жанды емдеу құралы» деп айтады емес пе? Ерекше балаларға домбыра аспабын меңгерту арқылы денсаулығын жақсартуға септігімді тигізсем деген мақсатым бар. Есту қабілеті нашар балаларға домбыра үйретудің арнайы әдістемесін ойлап таптым. Домбырада ойнауды нотамен емес, түстер арқылы үйретемін», – дейді орталық басшысы Гүлсана Мағзымбетова.

Гүлсана – кәсіби музыкант, мектепте музыка пәнінен сабақ берген тәжірибелі ұстаз. Қазіргі кезде ол сүйікті ісін жеке кәсіппен ұштастыруды мақсат тұтып, өз өнер орталығын ашты. Өнер мектебінің жұмысы ерекше күтімдегі балалардың қоғамға бейімделуіне, олардың денсаулығын жақсартуға бағытталған. Орталықта 3 мұғалім жұмыс істейді. Бүгінде мектепте 13 оқушы білім алуда. Олардың жетеуі- мүмкіндігі шектеулі балалар. Үйірмеге қатсысушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды. Орталыққа келушілердің ең жасы – төрт жаста, ересек адамдар да домбыра үйренуге ықылас танытуда.

«Өнер мектебін ашуға өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының көмегі көп тиді. Бизнес-жоспардан бастап, кәсіпті қалай жүргізу керектігін үйретті. Авторлық құқымды алсам, франшиза ашып, басқа қалалардан бөлімшелер ашсам деймін. Бұл ретте де кәсіпкерлер палатасы жәрдемдесіп жатыр», – дейді Гүлсаян.

Өнер мектебінің жұмысы – әлеуметтік кәсіпкерлік бағытына жатады. Бұл сала елімізде енді-енді дамып келеді. Әлеуметтік кәсіпкерлер бір жағынан қоғамның әлсіз тобына жататын мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетсе, екінші жағынан тұрғындарды жұмыспен қамтиды. Алайда, мұндай кәсіпкерлерді заңмен қолдау, салықтық жеңілдік беру қарастырылмаған. Осы бағытта заң шығарылатын болса, әлеуметтік кәсіппен айналысатын жандардың қатары көбейер еді дейді кәсіпкерлік палата мамандары.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер