«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қобдалықтардың «Нұрлы болашағы»

2018 жылғы 05 Қараша
- Ақтөбе облысы
1813 просмотров

 2 қараша күні Қобда ауданының орталығында «Нұрлы болашақ» бала-бақшасының 5 жылдық мерекесі аталып өтті

Мәдениет үйінде өткен шараға ауыл тұрғындары, ұстаздар мен облыс, аудан көлеміндегі атқарушы билік өкілдері, кәсіпкерлер қатысты. Өздерінің алғашқы мерейтойына бала-бақша ұжымы үлкен дайындықпен келіпті. Әсем безендірілген сахна төрінде кішкентай бүлдіршіндер концерттік нөмірлерді бір-бір қойылым етіп көрсете білді. Шахматшылар биі, әкелері мен олардың кішкентай ханшайымдары – қыздарымен вальс, әжесінің еркетайларының тақпақтары, жас гимнасттардың степ өнері көрермендер көңілінен шығып, ерекше көңіл-күй сыйлады. Қатысушылар шараның жоғары деңгейде өткенін және шебер ұйымдастырлғанын атап өтті.

Бала-бақша бұдан бұрын да өз саласында үздік атанып, талай сайыстан жүлделі орындарды иеленіп келеді. Солардың бір парасын атап өтсек, республикалық «Үлгілі балабақша» байқауының бас жүлдесі, Санкт-Петербург ғылым академиясының президенті атынан Д.А. Қонаев орденімен, халықаралық «Білім беруге қосқан үлесі үшін» медалімен, халықаралық экология және инженерия академиясының «Білім беру үздігі» медалімен марапатталды.Облыста өткізілетін түрлі конференциялар мен тәжірибелік сабақтар да осы бала-бақшада жүргізілетінін атап өткен жөн.

 

«Басқаша болуы мүмкін емес. Өйткені біздің бала-бақшаны «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданымыздан шыққан белгілі азамат, – «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Төлеубайұлы Салжанов салғызып, ел игілігіне қолдануға берген болатын. Ең соңғы үлгіде, әрбір бұрышы балалардың алаңсыз білім алып, қауіпсіз ойнауына орайластыра салынған мұндай заманауи ғимараттың баламасын облыс бойынша кездестіру қиын. Осындай аманат арқалаған орталықтың жұмысын өркендету-парыз», – дейді «Нұрлы болашақ» бала-бақшасының меңгерушісі Жұмазия Ертілеуова.

 

Бақшада сонымен қатар баланың зияткерлік, көркемдік -эстетикалық қабілеттерін дамытуға ықпал ететін Монтессоридің «еркін тәрбиелеу» педагогикасы, Өнертапқыштық тапсырмаларды шешу теориясы, денсаулық сақтау технологиясы (у-шу,иога,аэробика,т.б) шахмат әліппесі, театр ойын –шығармашылығы, өлкетану бағытындағы жұмыстар жүргізіледі. Мектепке дейінгі мекемедегі балалар ың рухани – патриоттық тұрғыдан білім алып , тәрбиеленуі үшін «Даналық әліппесі» атты әдістемелік құрал және заман талабына лайық оқу –тәрбие үрдісін жүйелі жүргізуге арналған инновациялық жаңа технологиялы «IPAD» планшеттері , «E-BLOCKS» құралдары – Исламбек Салжановтың базарлығы. Жалпы, бала-бақшаның әрбір кірпішінен бастап, оның болашақтағы жұмыс жоспары Исламбек Төлеубайұлының жеке бақылауында. Өйткені оның ең басты мақсаты – өзі туып өскен ауылынан шығатын саналы, білімді ұрпақтың қатарын көбейту, сөйтіп, еіміздің жарқын болашағына үлес қосу. Сөзіміздің дәлелі ретінде айта кетсек, кәсіпкер ауданда жаңадан салынған мектеп-гимназиясын спорт жабдықтарымен қамтамасыз етіп, бүгінгі күні IT бөлмесін толық жасақтауға қаражат бөліп отыр. Сонымен қатар, ол үздік оқитын оқушылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды жыл сайын Астана қаласына экскурсияға баруына демеушілік етеді. Жақын арада меценаттың тікелей бастамасымен ауыл балаларының арасынан дарынды балаларды анықтап, олардың жоғарғы білім алуына ықпал ететін «I,Qanat» жобасы облыстың 12 ауданында басталмақ. Бұдан басқа, Исламбек Төлеубайұлының қаражатына Қаракемер ауылын ауыз сумен қамтамасыз ететін 2 ұңғыма салынып, облыс орталығындағы жақында пайдалануға берілген «Аналарға тағзым» музей үйінің құрылысына 10 млн теңге инвестиция жасалды.

Қобда ауданынан шыққан белгілі меценат – Исламбек Салжановтың бұл қамқорлығы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «5 мың ауылға 5мың қамқоршы» акциясының үздік үлгісі деуге әбден лайық. Аталған жоба бизнесмендердің ауыл-аймаққа қамқор болуға шақырады. Бұл жобаны жергілікті билік те қолдап отыр. Қобдалықтар ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосқан ағаларының осындай өнегелі істерін көріп өскен бүлдіршіндердің арасынан болашақта еліне еңбек сіңіретін ер азаматтар мен азаматшалардың шығарына сенімді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер