«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

2023 жылғы Бүкіләлемдік мұнай конгресін Қазақстанда өткізу ұсынылуда

2018 жылғы 14 Қараша
3890 просмотров

Конгресті өткізуге өтінім беру бастамасы «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ кеңесінің 23-отырысында бір ауыздан қолдау тапты.

 «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы, «KAZENERGY» Қауымдастығының Төрағасы Тимур Құлыбаев жиынды ашып, 2018 жыл – Қазақстанның энергетика саласы үшін қолайлы болғанын атап өтті. Шикізатқа деген әлемдік бағалар жоспарларды энергетикалық компаниялардың белсенділігін арттыруға қарай қарастыруға мүмкіндік берді.

«Биыл мұнай өңдеуші зауыттарға жаңарту жұмыстарын жүргіздік, осылайша ішкі нарықта жеткізілімдерді қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Бүгінде зауыттар ішкі нарыққа қажетті жанармайды артығымен өндіріп жатыр. Модернизациялау арқылы Қазақстанда мұнай өнімдерге деген бағалар Ресей Федерациясы және іргелес мемлекеттерден қарағанда төмен», – деп мәлімдеді Тимур Құлыбаев.  

«KAZENERGY» Қауымдастығы биыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге жаңа Экологиялық Кодекстің тұжырымдамасын әзірлеуге қатысты. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодекс, Стандарттау туралы заң, сонымен қатар жаңартпалы энергетика бойынша жұмыс механизмінің іске қосылуы маңызды артықшылық болды.

«Энергетика секторы дамуына тікелей әсер ететін заңнама елімізде қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыратынына сенімдімін», – деді Тимур Құлыбаев.

«KAZENERGY»  директоры Әсет Мағауовтың айтуынша, былтыр Қауымдастық 9 негізгі бағыт бойынша өнімді жұмыс істеді. Бұл салық салу мен тарифтер, жер қойнауын пайдалану, мұнай өнімдері мен сұйытылған газ айналымы, электр энергетикасы, экология және басқа да мәселелер.

Әсет Мағауов Қауымдастықтың келер жылға жұмыс жоспарына сәйкес Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп дайындалған жаңа Жер қойнауы туралы кодексіне түсініктеме, жанар-жағармай нарығы бойынша заңнамаға енгізілген өзгертулер, 2019 жылы Ұлттық Энергетикалық баяндаманы дайындау  жұмысына ерекше тоқталып өтті.

Тимур Құлыбаевтың мәлімдеуі бойынша, биыл Үкімет және ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен еліміз Бүкіләлемдік мұнай кеңесін сәтті өткізді. Кеңес жұмысына 51 мемлекеттен келген 800-ден астам делегат қатысты.

 «Барлық делегаттар дайындықтың жоғары деңгейін бағалап, Астана 2023 жылға жоспарланған Бүкіләлемдік мұнай конгресін өткізуге үміткер болуға лайық деп атап өтті», – деді Тимур Құлыбаев.

Қазақстан конгресті өткізуге таңдалатын болса, іс-шара «EXPO» аумағында ұйымдастырылады. Қауымдастықтың атқарушы директоры Талғат Қарашев өтінім берудің артықшылығын айта отырып, Астанада дамыған коммуникациялар желісі мен инфрақұрылым, ыңғайлы логистика, қолданыстағы павильондар мен қонақтарды орналастыру орындардың бар болуын атап өтті. Бастысы – Қазақстанның ірі халықаралық іс-шараларды өткізуде тәжірибесі бар.

 Қауымдастық мүшелері Конгресті өткізу мақсатында өтініш беруге бір ауыздан дауыс берді.

 Қауымдастық кеңесінің жиыны барысында KAZENERGY Қауымдастығының 2019 жылға бюджетін бекіту туралы есеп тыңдалды, мұнай-газ саласына арналған білім мен біліктіліктің бірыңғай орталығын құру бастамасы қаралып, ЭЫДҰ мемлекеттерінде қолданыстағы  экологиялық заңнамалар практикаларына жасалған зерттеу нәтижесі тыңдалды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер