«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлердің арыз-шағымдары тыңдалды

2018 жылғы 30 Қараша
- Ақтөбе облысы
1386 просмотров

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің төрағасы Есімхан Құрманғазин бизнес өкілдеріне жеке қабылдау жүргізді.

Кеңес басшысының қабылдауына келген «Қазақойл» ЖШС заңгері Нұржан Наурызбаев компанияға қарасты көлік тасымалдары барысында кедендік ұйымдар тарапынан болатын кедергілерге байланысты құқықтық қолдау көрсетуді сұрады.  Сондай-ақ, «Ақтөбе» ӘКК» ҰК» өкілдері көшедегі сауда орындарын бөлу жөнінде бірқатар түсініспеушіліктердің туындағанын және оларды кәсіпкерлердің пайдасына шешу жолдарын қарастыруды өтінді. Қабылдауда болған бірнеше кәсіпкер бизнес жүргізуге бөлінген жерлерді рәсімдеу кезінде кездесетін қиындықтарға байланысты шағымданды.

«Шағымданушы кәсіпкерлердің барлығына дерлік тиісті жауаптар берілді. Күрделі мәселелерді құзырлы органдармен бірігіп, дөңгелек үстел ұйымдастырып, талқылайтын боламыз. Кейбір жағдайларды республикалық деңгейде шешуге тура келеді.  Бүгінгі өтініштердің ішінде де қоғамдық талқылауға салатын мәселелер бар», – дейді Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің төрағасы Есімхан Құрманғазин.

Кәсіпкерлердің қызметіндегі кедергілерді жою, олардың мүдделерін қорғау мен құқықтық кеңес беру мақсатында өткізілетін Кеңес жиындарында кәсіпкерлердің жергілікті жерде шеше алмаған проблемалық мәселелері қаралады. Жыл басынан бері Кеңесте осындай 19 арыз-шағым қаралып, оның 14 оң шешімін тапқан. Сондай-ақ, шағымдарды қарау нəтижесінде кәсіпкердің құқықтарын бұзған бір лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Қабылдау өңірлік кәсіпкерлер палатасында айына екі рет өткізіледі. Кәсіпкерлермен кездесуге Кеңес төрағасымен бірге Мемлекеттік істер жөніндегі агенттіктің және Мемлекеттік кірістер департаментінің, облыс прокуратурасының мамандарын қатыстыру көзделіп отыр.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер