«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбеде геоақпараттық порталды жетілдіру жұмыстары жалғасуда

2019 жылғы 14 Қаңтар
- Ақтөбе облысы
4498 просмотров

 Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында Ақтөбе қалалық әкімдігінің тапсырысымен жасалған Геопортал ақпараттық веб-сайтын жаңа мәліметтермен толықтыру жөнінде дөңгелек үстел өтті.  Оған Кәсіпкерлер палатасының, Ақтөбе қаласы кәсіпкерлік, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің, «Ақбұлақ» АҚ, «Трансэнерго» АҚ, «Энергосистема» ЖШС өкілдері қатысты

Веб-порталды құрастырушылардың мәліметінше, бүгінгі күні Ақтөбе қаласының картасын цифрлық жүйеге көшіру жұмыстарының 40% ға жуығы жүзеге асырылған. Қала тұрғындары геопортал арқылы қажетті мекен-жайлар мен жер саудасын, іс-шаралар мен Бас жоспардағы мәліметтерді біле алады. Алайда онда кәсіпкерлердің қызметіне қажетті қызыл сызықтар мен инженерлік құрылымдар туралы мәліметтер қолжетімді болмай тұр. Оның басты себебі, қаладағы коммуналдық шаруашылықтарының өз мекемелері туралы ақпаратты дер кезінде бермеуі болып отыр.

«Порталды геобайланыстар туралы ақпаратты көпшілікке жария ету құралы деуге болады. Қазіргі уақытта Геопорталға инженерлік құрылымдар туралы мәліметтер орналастырылуда. Осы тұрғыда қаламыздағы коммуналдық қызмет өкілдері мен кәсіпкерлерден тиісті мәліметтерді жолдауды сұраймыз.  Кәсіпкерлер порталды тиісті ақпаратпен толтыра отырып, өздерін жарнамалауға мүмкіндік алады. Сонымен бірге, инвесторларға ыңғайлы болу үшін, порталға қаладағы тоқтап тұрған өндіріс орындары туралы ақпараттар белгіленетін болады», – дейді дейді жоба құрастырушыларының бірі, «Ақтөбе құрылыс мониторинг» МКМ директоры Сәуле Иманбаева.

Жиында кәсіпкерлер палатасының мамандары бизнестің қажеттіліктерін ескере  отырып, жүйе қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарын ортаға салды. Нарық  сұраныс пен экономикалық жағдайларға бейімделіп отыратын болғандықтан, гопорталда орналастырылған мәліметтер меншік иесіне жер учаскесін еркін қолдануға, соның ішінде қолдану мен құрылыс параметрін өзгертуіне және ортақ қолданысқа арналған жерлерді (саябақтар, бульварлар) анықтауға мүмкіндік беруі тиіс. Сонымен бірге, газдандыру, сумен, электрмен жабдықтау, су бұру, жылу желілері мен телекоммуникацияларға арналған техникалық шарттарды электронды форматта алу қолға алынса деген ұсыныстар жасалды. Өз кезегінде «Атамекен»  порталмен жұмыс істеу барысында кәсіпкерлердің жобаларын сүйемелдеу және консультациялық көмек беруде сарапшылардың көмегін ұсынды. 

«Экономиканы дамыту үшін елімізде кәсіпкерліктің өркендеуіне жағдай жасалуы тиіс. Бизнес үшін өзекті проблемалардың бірі – жер мәселесі. Бүгінгі күні кәсіпкер облыс орталығындағы бос жерлер мен оған жүргізілетін инфроқұрылымдардың қалай орналасқаны жөнінде мәліметтерден бейхабар. Геопортал осы олқылықтың орнын толтыруы тиіс.  «Атамекен» ҰКП геопорталдарға енгізілетін кәсіпкерлерге арналған ақпараттардың біріңғай талаптарын әзірлеу үстінде», – деді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов.

«Атамекен» ӨКП басшысы картаның функционалдығы мен интерфейсі қала құрылысы саласындағы мамандарға ғана емес,  қарапайым адамдар үшін де ыңғайлы болуы керек екенін атап көрсетті.

Геопорталды жасаушылар мен тапсырыс берушілер веб-порталды ақпаратпен толтыру және оны жетілдіру барысында кәсіпкерлердің барлық ұсыныстарын ескеретінін жеткізді.

Шара «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер