«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбеде кәсіпкерлік білім алғысы келетіндердің саны артқан

2019 жылғы 14 Ақпан
- Ақтөбе облысы
1650 просмотров

 Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында «Бизнес-мектеп» бағдарламасы бойынша биылғы оқыту курстары басталды

Палата мамандарының айтуынша, бизнес ілімдерін оқуға ниет білдіргендердің саны жыл сайын артып келеді. Айталық, биылғы қаңтар айында «Бизнес-кеңесші» курсынан өтуге 155 жан өтініш білдірген. Олардың 75 облыс орталығында және биыл алғаш рет Ырғызда – 25, Шалқар ауданында – 55 адам оқытылды.

 «Кәсіпті жаңадан бастаймын деген жандарға  «Бизнес-кеңесші» жобасы өте ыңғайлы. Оқу екі күн жүреді. Онда кәсіп жүргізу психологиясынан бастап, маркетингтік қызмет, салық, есеп, құқықтық сауаттылық пен ақпараттық технологияларды пайдалану үйретіледі. Биылғы жылы бұл жоба бойынша онлайн сабақтарын өткізу жоспарда бар. Семинардан өткен жандар әрі қарай білімін жетілдіру үшін «Бизнес мектеп» компоненті бойынша өзге де оқыту курстарынан өте алады» – дейді Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бизнес-тернері Сәлима Мұқанова.

 «Бизнес-кеңесші» оқу семнарынан кәсіпкерлік білім алуға келген жандардың бірі – Ақмарал Сексенбаева. Ол көптен бері жеке асхана ашуды армандап жүр екен. Қала шетіндегі жол бойынан бизнеске қажетті жер телімін алып та қойған.  Енді қоғамдық тамақтану саласында бизнес жүргізудің әдіс-тәсілдерін меңгеріп алуды мақсат етіп отыр.

«Семинарда бизнес жүргізуге қажетті барлық дерлік ақпаратарды алдық. «Ескертілген-яғни қаруланған» дегендей, алған біліміміздің қажет кезде дұрыс шешім қабылдауға көмек болары анық»,-дейді ақтөбелік Ақмарал Сексенбаева.

«Бизнес-мектеп» компоненті бойынша оқудың келесі сатысы – «Бизнес-Өсу» деп аталады. Бұл курсқа қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер қатыса алады. Оқу бағдарламасында кәсіпкерлер бизнесті одан әрі өрістету, сату көлемін арттыру, макетингтік зерттеулер жүргізу мен нарыққа талдау жасау жолдарын үйренеді. Биылдан бастап, «Бизнес-Өсу» бағдарламасына сарапшыларды тарту көзделген. Биылғы «Бизнес-Өсу» жобасының алғашқы қонағы ретінде «Digi Soul» маркетингтік компаниясының негізін қалаушы Асхат Оразаев пен Түгелбай Қонабаев арнайы шақырылды. Олар тыңдаушыларға «Интернет-маркетинг» тақырыбында дәріс беріп, әлеуметтік желілерде жарнамалау әдістерін үйретті.

Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы былтыр «Бизнес-мектеп» жобасы бойынша барлығы 1602 облыс тұрғынына кәсіпкерлік сабақтарын өткізді. Оқу Ақтөбе қаласындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында жүргізіледі. «Бизнес-мектеп» курстарының кестесін «Атамекен» ҰКП сайтынан немесе www.services.atameken.kz бизнесті жүргізуге арналған сервистік қызмет порталынан білуге болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер