«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордада Кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен 99 өтініш түскен

2020 жылғы 27 Наурыз
- Қызылорда облысы
3215 просмотров

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты. Елімізде пандемияға орай жарияланған төтенше жағдай,  оның үстіне теңгенің еркін айналымға енуі кәсіпкерлер үшін «сынаққа» айналды.

Палата басшысы төтенше жағдай енгізілгеннен кейінгі алғашқы 3 күнде мейрамхана бизнесімен айналысатын кәсіпкерлерден сауалдардың көптеп түскенін айтады.

«Елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовтің шешімімен қызметкерлердің басым бөлігі дистанциондық жұмыс жасау режиміне көшірілді. Дегенмен, төтенше жағдай жарияланғаннан кейін туындаған мәселелерге қатысты кәсіпкерлермен ұдайы байланыстамыз. Ең бірінші кезекте, жауапты мамандардың байланыс құралдары БАҚ, әлеуметтік желі арқылы таратылды. Мұнан өзге, құрамында кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен Палатаның жауапты мамандарынан тұратын 4 жұмысшы топ құрылды. Аталмыш жұмысшы топтары кәсіпкерлердің салық, несие, форс-мажор жағдайы мен мәжбүрлі қызметкерлерін жұмыстан босату секілді мәселелерін анықтап, дер кезінде құқықтық кеңес беруде. Күрделі мәселелерді Орталық аппаратқа ұсынып жатырмыз. Қазірдің өзінде Палата мамандарынан кеңес алғандарды қоспағанда, мәселесін айтып 99 кәсіпкер хабарласты. Біздің деңгейімізде шешілетін мәселелерді дер кезінде шешіп отырмыз. Мәселен, төтенше жағдай енгізілген алғашқы күндері экспортқа тауар шығаратын кәсіп иелері шығар, шықпастарын білмей жатты. Біз шекаралас аумақтағы әріптестерімізбен байланыса отырып жедел ақпаратпен қамтып отырдық», - дейді Ғалымбек Жақсылықов.

Түскен сауалдардың 22 пайызы несиені төлеу мерзіміне, 20 пайызы несие алуға, 33 пайызы салық, шикізат, тауар жетіспеушілігі, жұмысшыларды ақысыз демалысқа немесе қысқартуға жіберуге қатысты т.б. Қалған сұрақтар бағаның көтерілуі, шет елге тауар шығару, ғимаратты жалға алу және өзге де салаларды қамтиды.

Айта кету керек, аймақ кәсіпкерлері қызметіне қатысты қиындықтарға тап болған жағдайда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына 8 /7242/ 40-09-81 немесе +7 777 764 33 11 нөміріндегі call-орталыққа хабарласа алады.

Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына хабарласуға арналған байланыс құралдары: 1432, 8 778 870 14 32.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер