«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Студенттік кәсіпкерлік экожүйесі» жобасының жылдық жұмысы қорытыланды

2018 жылғы 05 Сәуір
- Ақтөбе облысы
2103 просмотров

Жылдық есеп

Ақтөбе қаласында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасының, «Еуразиялық топ» ЖШС, облыстық әкімдіктің өкілдері, жобаның серіктестері - «Алматы Менеджмент Университеті» және «Тель-Авив университетінің достары қауымдастығы» ЗТҚ өкілдері қатысқан «Студенттік кәсіпкерлік экожүйесі» жобасының бірінші жылының нәтижелерін қорытындылау және 2018 жылға арналған жоспарларды жариялау бойынша дөңгелек үстел өтті. Студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға бағытталған жоба Еуразиялық топтың бастамасымен жүргізілуде.  ERG  - Қазақстан Республикасының тау-кен металлургиялық кешенінің үштен бірі кіретін әртараптандырылған ірі холдинг. Компания өзінің негізгі қызметімен қатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырумен жүйелі түрде айналысады.

«Әлем тәжірибесіне сүйенсек, тек қана шикізатқа тәуелді болумен ел экономикасы алысқа бармайды. Сондай-ақ, пайдалы қазбалар қорын таусылмайды деп есептеу қате. Шикізатқа тәуелділік жұмыссыздықтың көбеюіне әкелетіні дәлелденген. Сондықтан, бүгінгі таңда жаңа технологияларды дамытып, тауар өндіруге бет бұруымыз керектігін Елбасымыз да айтып отыр. Бұл үшін жаңаша экономикалық ойлау жүйесіне көшу қажет. Бұл ретте кәсіпкерлік ілімін мектеп оқушылары, университет студенттеріне үйретуден бастаған дұрыс деп шештік», - дейді ERG компаниясының корпоративті байланыстар бойынша директоры Фатима Косаева.

Еуразиялық топ «Студенттік кәсіпкерлік экожүйесі» жобасын республика бойынша төрт өңірде Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарында жүзеге асыруды ұйғарыпты. Кәсіпкерлік орталықтар Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен Ақтөбе политехникалық колледжінде жұмысын бастады. Бір жыл ішінде аталмыш оқу орындарында кәсіпкерлік негіздері пәні енгізіліп, студенттер «Кемел кәсіпкер» бизнес чемпионатына, «Оқытушы-инноватор» жобаларына өз жұмыстарын ұсынды. Нәтижелер көңіл қуантарлық. Облысымыздың бірнеше студенті республикалық жобаларға қатысуға жолдамалар алды. Биыл кәсіпкерлікке икемі бар балалар «Bastau Camp» жазғы кәсіпкерлік лагеріне демалуға жіберілмек. Онда жастар отандық, шетелдік бизнес сарапшылардан шеберлік сабақтарын алып, тренингтерден өтеді.

«Еуразиялық топ» ЖШС Алматы Менеджмент Университетімен бірігіп, «Студенттік кәсіпкерлік экожүйесі» жобасы аясында өткізілетін 2018 жылға жоспарланған шаралары бойынша кәсіпкерлік негіздері пәнін жетілдірумен қатар, топтың арнайы интернет порталы құрылатынын жеткізді. Бұл порталда қажетті әдістемелік құралдар, жоспарланған шаралар орналастырылады. Кейін осы курстарды оқыған студенттердің кездесулері ұйымдастырылып, жоба нәтижесі тағы бір пысықталмақ. Үздік нәтиже көрсеткен оқытушыларды бағалау жолға қойылады. Алда кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыруға байланысты бірнеше байқаулар өткізілетін болады, оқытушыларды шетелде оқыту жоспарда бар. Сондай-ақ, ERG тобы өңірлергі кәсіпкерліктің дамыту бойынша талдау жасалғанын, тиісінше Ақтөбе облысында технологиялық кәсіпкерлік пен қызмет көрсету саласында үлкен жетістіктерге жетуге әлеуетінің жеткілікті екенін атап өтті.

Өз кезегінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аталмыш жобаларды жүзеге асыруға, оқытушыларға кәсіпкерлік сабақтарын жақсартуға және жаңа оқыту бағдарламаларын құруға көмектесіп келеді. Айталық, Ақтөбе политехникалық колледжімен арадағы келісім бойынша, палатаның бизнес-тренерлері кәсіпкерлік сабақтарын жүйелі түрде өткізіп тұрады.

«Еліміз бизнес саласына енді-енді бет бұра бастады. Өзге елдермен тереземіз тең болу үшін кәсіпкерлік білімді игеру керек. Келешекте кәсіби кәсіпкерлердің жаңа буынын тәрбиелеп шығару үшін осындай шаралардың маңызы зор. Кәсіпкерлік білімін  қалалықтар мен қатар ауыл жастары да игерсе дейміз», - деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Бекжан Асаухан.

ERG компаниясы ұйымдастырған кәсіпкерлік саласындағы оқытушыларға қолдау көрсету, кәсіпкер жастардың бастамаларын дамытуға жәрдемдесу  мақсатында ұйымдастырған кезекті «Оқытушы-инноватор» байқауы Ақтөбе өңірлік университетінде өткізілді. Байқауда ЖОО-ның әртүрлі курстар мен мамандықтарының студенттері тәлімгер-оқытушылардың басшылығымен стартап жобаларын ұсынды.Нәтижесінде, 1-орынға «Eco sweet» (жеуге болатын ыдыс-аяқтар) , 2-орынға – «Дұрыс тамақтану кафесі», 3 орынға –Шырайгүлді өсіру технологиясы лайық деп танылды. Ақтөбе политехникалық колледжінің оқытушылары мен студенттері де ақпан айында «Оқытушы-инноватор» байқауын өткізген болатын. Онда үш тілді алфавиттік магниттік тақта, құс өсіру инкубаторын автоматтандыру, баспа өнімдерінің дизайнын жасау сынды жобалар үздік атанды. Жеңімпаздар арнайы ақшалай сыйлықтармен марапатталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер