«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес-тренерлер «Бастау» жобасы бойынша ауыл тұрғындарын оқыту үшін аудандарға аттанды

2018 жылғы 13 Сәуір
- Ақтөбе облысы
1400 просмотров

«Бастау» жобасы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты бойынша жүзеге асырылады. Жоба ауыл тұрғындарының  бизнестік білім алуына және мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдетілген несие алуға жәрдемдесуге арналған.

«Былтыр «Бастау» жобасы облыс бойынша 6 ауданда пилоттық негізде жүзеге асырылды. Жоба өзінің нәтижелілігін көрсетіп, 1125  адам бизнес негіздері жөнінде білім алды. Олардың 204-і кәсіптерін жаңадан ашты, бизнестерін кеңейткендері де бар.  Ал биыл бизнес оқулары барлық 12 ауданда өткізіледі. 14-15 сәуірде тест жүргізіліп, 16-сәуірде оқыту басталады. Жоба бойынша тұрғындар кәсіпкерлік машықтарына бір ай бойы оқытылады. Жыл бойы осындай 6 оқыту тобы жинақталады»-дейді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Бауыржан Дарқұлов.

Аталған жоба аясында білікті бизнес-тренерлер ауыл азаматтарын кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, тәжірибелерімен бөліспек. Бизнес туралы білім беру үшін кәсіпкерлермен жұмыс жасай алатын, ауылдағы кәсіпкерлік ерекшеліктерін және бизнестің негізгі түрлерін білетін, мемлекеттік бағдарламалардың қолдану тетігін жақсы меңгерген және арнайы тестілеуден өткен 12 тренер мен үйлестіруші іріктеліп алынды. Олар «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы жанынан арнайы дайындықтардан өтті. Бизнес-тренерлер ауыл тұрғындарының арасынан бизнеске икемі бар азаматтарды іріктеп, оқытып қана қоймай, оларға жол сілтеп, жұмыс барысын сүйемелдеп отыратын болады.

«Былтыр «Бастау» жобасы бойынша Темір ауданынан 205 адам оқытылып, оның 37-сі жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Олардың арасында бизнес-жоспарларын сәтті қорғап, медициналық орталық, макарон өнімдерін шығаратын цех, жылыжай сынды кәсіп түрлерін ашқан жандар да бар. Яғни жоба өзінің тиімділігін көрсетті», - дейді бизнес-тренер Жолдас Қарағұлов.

«Бастау» жобасы бойынша бизнес дәрістеріне өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар және жұмыссыздар қатыса алады. Оқыту соңында ауыл азаматтарына бизнес-тренингтен өткендігі жөнінде арнайы сертификат беріледі. Сондай-ақ, тренингке қатысушылар мемлекет есебінен арнайы степендия алады. Биыл Ақтөбе облысында жоба бойынша 2231 адамға білім беру көзделген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер