«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Бастау» ауыл тұрғындарына жаңа серпін берді

2018 жылғы 28 Маусым
- Ақтөбе облысы
1533 просмотров

26-27 маусым күндері Өңірлік кәсіпкерлер палатасында «Бастау» жобасының биылғы жылдағы тыңдаушыларының 2 легінің білімдері қорытындыланды.

Бағдарлама аясында 2-топта Ақтөбе облысының 12 ауданы бойынша 392 адам оқыған болса, оның ішінде 131 адам облыстық комиссия алдында бизнес жобаларын қорғады. Ұсынылған кәсіп түрлерінің 80 % жуығы ауыл шаруашылығы саласына байланысты болды. Сонымен қатар үміткерлердің арасында онлайн кинотеатр, көлік тасымалымен айналысу, мұз айдыны, сұлулық салоны, фото қызметі, мейрамхана, қонақүй және наубайхана бизнесін ашқысы келетіндер бар.

«Мал өсіру ата кәсібіміз болғанмен, оны нарыққа бейімдеудің өз әдісі бар екен. Қазіргі кезде бизнесті жүргізу үшін кәсіби білім керек.  «Бастау» жобасы арқылы өнімдердің бағасын қою үшін есеп жүргізу, жылдық кіріс пен шығысты болжау және сатып алушылармен қарым-қатынас орната білуді үйрендік. Бұл білімімізді алдағы уақытта кәсібімізді кеңейту үшін қолданатын боламыз. Өз басым таныстарымыздың барлығына жобаға қатысуға кеңес беріп жүрмін,– дейді Ойыл ауданының «Бастау» жобасының тыңдаушысы Ерден Маянов.

Жобаның Мұғалжар ауданындағы қатысушысы Бақытгүл Танашбаева балмұздақ жасайтын цех ашуды қолға алмақ. Ол бизнес-тренерлердің кеңесімен қажетті құрал-жабдықтарды Ресейден әкелмек, ол үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 2,5 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алғысы келеді. Бүгін комиссия құрамы оның  осы бастамасының мүмкіндігі туралы талқылады. Комиссия мүшелері Бақытгүлге бизнесін ашып, оны табысты жүргізу үшін қажетті кеңестер беріп, жобасын жүзеге асыру үшін серитфикат беруге лайықты деп тапты.

«Ауылдағы жұмыссыз жандардың кәсіп ашуына ықпал етуде «Бастау» жобасының үлесі зор. Бұл, әсіресе, қазіргі нарық жағдайында өте маңызды. «Бастаудың» тренерлері кәсіпкерлік негіздерін үйретіп қана қоймай бизнес-тәуекелдер жайлы да айтып түсіндірді. Бұл біліміміз кәсібімізді ашып қана қоймай, одан әрі сәтті жүргізу үшін өте қажет»,-дейді Бақытгүл.  

«Бастау» жобасы бойынша тұрғындар кәсіпкерлік білім алумен қатар, мемлекеттік қаржыландыру бағдарламаларымен танысады.  Солардың ішінде ең тиімдісі   "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ ұсынған жеңілдетілген несие болып табылады. Қор арқылы кәсіпкерлер 4 млннан 6 млнға дейін 6,5 жылға дейін 6% несие алуына болады.  «Бастаудың» түлектері «Даму» қоры арқылы да екінші деңгейлі банктерден кәсіп ашуға арналған қаржы ала алады. Сонымен қатар, Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандарының айтуынша бастаулықтарға жақын арада жеке кәсіп ашуға бір реттік грант алу мүмкіндігі берілетін болады. Грант көлемі 100 АЕК құрайды. Биыл жыл басынан бері "Бастау" жобасына 797 ақтөбелік қатысты. Олардың, әзірге, 50-ге жуық жобасы қаржыландырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер