«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Артық төлемдер иелеріне қайтарылды

2016 жылғы 13 Мамыр
- Ақтөбе облысы
6955 просмотров

Темір ауданындағы 35 кәсіпкер алкоголь өнімдерін cатуға берілетін лицензия үшін төлеген төлемдерінің артық бөлігін қайтарып алды

Бұл туралы palata.kz-ке Кәсіпкерлер палатасының Ақтөбе облысы Темір ауданы филиалының директоры Айдос Мырзағали хабарлады.

Оның айтуынша, 2015 жылы Темір ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасы Шұбаршы және Шұбарқұдық ауылдарының кәсіпкерлерінен алкоголь өнімдерін өткізуге лицензия беру үшін артық төлемдер алған. Аудандағы алкоголь өнімдерін өткізетін сауда нүктелері бар 35 кәсіпкер белгіленген 30 АЕК-тің орнына 70 АЕК-ке тең төлем төлеген.

«Темір ауданы прокуратурасымен бірлесе өткізген мониторинг кезінде кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылғаны анықталды. ҚР Салық кодексінің 472-бабының 3-тармағына сәйкес төлемшілер төлем сомасын жыл сайын сол жылдың 20 қаңтарына дейін төлейтін. Шұбаршы және Шұбарқұдық ауылдарының кәсіпкерлері лицензия үшін ауылдық округтар емес, ауылдық елді мекендерде тұрса да, 70 АЕК көлеміндегі ақы төлеген», – деді Айдос Мырзағали.

Шұбаршы ауылы кәсіпкерлерінен келіп түскен шағымдарға сәйкес, Палата филиалы Темір ауданының прокурорына 40 АЕК көлемінде артық төленген төлемді қайтару шараларын  қолға алуын сұрап хат жолдайды. Қадағалау органы болса, Темір ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының атына өтініш жолдады.

Осы жайтқа байланысты дөңгелек үстел өтіп, оның басына барлық тараптар жиналды. Шара қорытындысы бойынша кәсіпкерлерге 40 АЕК көлеміндегі сома қайтарылатыны белгілі болды. Нәтижесінде ЖК-ге жалпы сомасы 4 млн 270 мың теңге болатын 40 АЕК қайтарылды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер