«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Адамдар – ең құнды ресурс!

2015 жылғы 16 Қыркүйек
- Алматы қаласы
10380 просмотров

Алматы қаласы кәсіпкерлерінің ІІ конференциясында білікті мамандар даярлау мәселелері талқыланды

Кадрлар даярлау тақырыбы кәсіпорындар басшыларын, салалық қауымдастықтар өкілдерін, колледждер, жоғары оқу орындары директорлары мен Алматы қаласы әкімдігі өкілдерін Өңірлік кәсіпкерлер палатасының айналасына топтастырды.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Вера Цзиннің сөзіне сүйенсек, нормативтік-құқықтық қамсыздандырудың жетілмегендігі бизнестің аса салмақты түйткілі болып табылады. Бұл кадрларды даярлау саласына да толық көлемде қатысты.

«ҰКП және Алматы Кәсіпкерлер палатасы құрылған сәттен бері кәсіптік-техникалық оқыту саласына қатысты нормативтік-құқықтық құжаттардың өзгертілуіне қам қылып келеміз. Бизнес кадрлар даярлау сапасын көтеру мәселелері бойынша колледждермен ынтымақтастыққа мүдделі, бірақ бұл процестің қандай да бір әкімшілік кедергілермен күрделеніп кетпеуі маңызды», - деп атады Вера Цзин.

Кәсіпкерлердің жоғары оқу орындары мен колледждерге қойылатын шағымдарының мәні олардың жұмыс берушілер қажеттіліктеріне жауап бермейтін мамандар даярлауында болып отыр. Оларды қайта оқытуға тура келіп жатады.

«Кәсіпкерлер палатасы Алматы қаласындағы Колледждер қауымдастығымен бірге нормативтік-құқықтық актілерге бірқатар толықтырулар мен өзгертулер дайындады. 17 құжатты мұқият талдап, 45 түзету жинақтадық. Біздің ұсынысымызда қандай да бір өзгерту немесе толықтырудың қай құжатқа, оның қай тармағына және қандай редакцияда енгізілетіні толығымен жазылды. Сонымен қатар оның неліктен қажет екеніне түсінік бердік», - деп атады Вера Цзин.

Вера Цзиннің айтуынша, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы сарапшылары жасаған жұмысқа және аталмыш тақырыптағы 41 түйткілдің Түйткілдер тізіліміне енгізілгеніне қарамастан, онда да жасайтын жұмыс толып жатыр.

Техникалық оқытудың Мемлекеттік жалпы білім беру стандарты салмақты өзгертулерді қажет етеді.

«Аталмыш құжат сараптамаға бірнеше мәрте келіп түсті. 9 түзету жасадық, бірақ әлі күнге дейін бекітілген жоқ», - деп назаланды Вера Цзин.

Түзетулер бизнес-қоғамдастықтың пікірін ескерместен енгізіліп жатқан басқа да нормативтік-құқықтық актілермен арадағы жағдай да осындай.

«Өзгертулерді өзіміз енгізе алмаймыз. Ол үшін Білім және ғылым министрлігінің белсене қатысуы қажет. Соңғы парламенттік тыңдаулар кезінде бұл түйткілге ерекше «нүктелік» назар аударылды. Егер нормативтік-құқықтық базаны өзгертпейтін болсақ, кадрларды даярлау сапасы жайлы айтудың да қажеті жоқ» - деп баса көрсетті ол.

ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығы президентінің кеңесшісі Анатолий Самаренко аккредиттеу түйткілдерін қозғады. Оның ойынша, мемлекеттік орган жанындағы «тәуелсіз» агенттіктің аккредиттеуді беру тәжірибесінің өзі жемқорлық тұрғысынан күмән тудырады.

“Қазір аккредиттеуі бар оқу орындарына кепілдікті кеңейту туралы мәселе белсенді түрде алға тартылуда. Яғни білім туралы құжатты беру осы процедураға тәуелді етіліп қойыпты» - деп наразылығын білдірді Анатолий Самаренко.

Қауымдастық өкілінің ойынша, екі заңның қақтығысы анық көрінуде: аккредиттеуді алмағаны – мемлекеттік тапсырыс алмайды, ал бұл процедурадан өткені – жеке үлгідегі құжаттар беру құқығына ие болады және… аттестаттаудан босатылады.

«Және де бастысы – аккредиттеуді жүргізетін кім? Біздің және шетелдік агенттіктер.

Осылайша, кез-келген шетелдік агенттік қазақстандық ЖОО немесе колледж тағдырын шеше алады», - деп баса көрсетті Анатолий Самаренко.

Қазақстандық туристік қауымдастық жанындағы сертификаттау орталығының директоры Зайтуна Ахиярова да аккредиттеудің мақсатқа лайықтылығы мәселесін қозғады.

«Оның міндетті болуы жайлы ешбір заңда жазылмаған. Және де біздің сертификаттауды өткізуіміз үшін аккредиттеудің қажеті жоқ!» - дейді сарапшы. Зайтуна Ахиярова білім алып шыққан мамандар салалық қауымдастық арқылы сертификаттаудан өткен кезде оларға деген қатынастың өзі де өзгеретініне сенімді.

«Себебі онда талаптар нақты жұмыс берушілерге қойылған.

Ал бүгінгі сертификаттар көбінесе формалды түрде беріледі және өндірістің заманауи талаптарына сәйкес келмейді. Олар жұмыс берушілер сұранысына ие емес әрі түлектер де мойындамайды», - деп ескере кетті ол.

Бизнес сұранысына ие болатын жоғары білікті кадрлар даярлауға болады. Бұған Еуропа, соның ішінде Германия тәжірибесі куә.

ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының директоры Саламат Жамалованың айтуынша, кәсіби бағдарға делдал болып табылатын ақылы білім беру қызметтерін көрсететін оқу орнының емес, тапсырыс беруші – жұмыс берушінің көзімен қарау керек. Салалық одақ басшысы Қазақстан өңірлеріндегі ең көп сұралатын кәсіптерді таңдауды және кәсіптік бағдар жұмысын дәл осыларға жұмылдыруды ұсынды.

«Дуалды жүйе Қазақстанда толығымен жұмыс жасау үшін, үш шартты орындау қажет болады: бизнестің жеке кадрлар даярлау маңыздылығын сезінуі, бизнес үшін жеке тұлғалар оқуына кететін шығын сомасына салық салынатын табысты азайту түріндегі артықшылықтар және заңнамалық деңгейде бекітілген бизнестің кадрларды даярлау бойынша жауапкершілігі», - деп атады Саламат Жамалова.

Пікірталасқа қатысушылар мемлекеттік органдарға дуалды білім берудің ахуалы туралы жария есептер жасату бастамасымен шығу қажет деген ойға келді.

Олар сонымен қатар «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңға кәсіптік және білім беру стандарттарын дайындаумен байланысты қызметтерді сатып алу, колледждер мен жоғары оқу орындары түлектерінің біліктілігін сертификаттау үшін бақылау-өлшеу материалдарын сатып алу жағынан өзгертулер енгізуді алға тартады.

ҚР Білім және ғылым министрлігіне білім берудің дуалды жүйесін эксперименталдық енгізуге бөгет жасайтын әкімшілік кедергілерді жою мақсатында нормативтік-құықтық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу ұсынылды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер