«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Қазақстанда жасалған»

2015 жылғы 16 Қазан
- Ақтөбе облысы
11999 просмотров

Бүгін Ақтөбе рельс-арқалық зауытында алғашқы отандық рельс өнімі жасалып шықты.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен бірегей кәсіпорын салынып шықты әрі ТМД көлемінде оған ұқсас өндіріс орны жоқ. Рельс-арқалық өндірісінің алғашқы технологиялық қатары 2014 жылғы желтоқсан айында «Қазақстанның жаңа индустриялануы: 2014 жыл және алғашқы бесжылдық нәтижелері» жалпыұлттық телекөпірінің барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен іске қосылған болатын.

Зауыт құрылысы мен өндірістік желіні іске қосу процесі қысқа мерзімде өтіп16 қазанда кәсіпорын дайын өнім шығаруға кірісіп те кетті.

Рельс шығаруды бастау оқиғасына орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға "Қазақстан темір жолы" ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин, "Siemens S.p.a." компаниясының басшысы Джузеппе Феррарио, ҚР инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қырғызстанның көлік және коммуникациялар министрі Арғынбек Малабаев, "Әзербайжан темір жолдары" ЖАҚ төрағасы Джавид Гурбанов, ТМД және Балтық елдері темір жол әкімшіліктері, темір жол өнімдерін шағаратын кәсіпорындар басшылары қатысып, сөз сөйледі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша индустрияландыру бағдарламасының аясында қысқа мерзім ішінде Қазақстанда темір жол машина жасау ісінде жаңа сала құрылды. General Electric, Alstom, Talgo, Siemens сияқты әлемдік көшбасшылармен серіктестікте жүк және жолаушылар тепловоздары, электровоздар, вагондар, ірі вагон құймасы, инфрақұрылымның техникалық құралдарын өндіретін жаңа зауыттар салынды», - деп атады «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин.

«Бүгін Қазақстанда «Қазақстанда жасалған» деген таңбамен тағы бір өнім пайда болды. Президент тапсырмасымен елімізде жаңа индустрияландыру саясаты жүргізілуде. Қазақстан Республикасында соңғы 5 жылда 700-ден астам жаңа кәсіпорын пайда болды. Бұл жаңа технологиялармен, өнімділіктің жаңа деңгейінде жұмыс жасайтын жаңа кәсіпорындар. Өңдеу өнеркәсібінің 28 жаңа секторы пайда болды, темір жол машина жасауын ерекше атап өткім келеді. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет өзіміздің локомотивтер, электровоздар, жүк, жолаушылар вагондары өндірілуде, темір жол машина жасау саласы үшін түрлі бөлшектер атауын бес мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінде рельс өндірісі іске қосылып отыр. Және де Ақтөбе облысында екі жаңа өндіріс – жаңа ферроқорытпа және рельс-арқалық зауытының қуатын арттырғанда өнеркәсіпті 30 пайызға ұлғайтатынын атап өткім келеді», - деп баса көрсетті ҚР инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев.

АРАЗ жобалық қуаты жылына 430 мың тонна металл өнімін құрайды. Бұл ең алдымен жоғары жылдамдықты магистральдарға арналған ұзындығы 120 метр болатын Р65 таңбалы қызуға төзімді рельсі. Мұнда сонымен қатар 230 мың тонна прокат – арқалықтар, бұрыштар, швеллер өндіріледі. Бұл Қазақстан мен көрші елдердің рельс-арқалық өнімдеріне деген қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Ақтөбе рельс-арқалық зауытында сонымен қатар дөңгелек үстел өткізіліп, оның барысында АРАЗ және Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан темір жол әкімшіліктері арасында дайын өнімді жеткізу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер