«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы дәнекер

2016 жылғы 12 Ақпан
- Шымкент қаласы
13746 просмотров

ОҚО кәсіподақтарының 205 мың мүшесінің 537-сі ғана бизнес өкілдері

Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері неліктен кәсіподақтарға мүше болуға талпынбайды? Мұның себебі неде: олардың өз фирмалары мен компаниялары жанынан кәсіподақ ұйымдарын құрудың артықшылықтарын білмеуі мен түсінбеуінде ме, әлде олар мұндай қоғамдық ұйымдар құруды бос әурешілік деп санағандықтан ба? Осыны анықтау мақсатында Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақ орталығының басшылығы ОҚО Кәсіпкерлер палатасында салалық бизнес-қауымдастықтардың өкілдерімен кездесті.

ОҚО Кәсіподақ орталығының төрағасы Ғани Қарабеков отырғандарды жаңа заңнамалық құжаттар – ҚР «Еңбек туралы» кодексі және ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» Заңымен таныстырды.

Облыс кәсіподақтарының бас көшбасшысы Еңбек кодексі жобасы сыртқы экономикалық жағдайлар күрделі кезеңде жасалғанын және барлық тараптар арасында өзара белсенді әрекеттестікті талап еткенін айтты. Заң жобасы қызу талқыланды. Құрамына Үкімет, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Кәсіподақтар федерациясы өкілдері енген жұмыс тобы жиырмадан астам рет бас қосты. Барлық даулы тұстары талқыланып, түзетілді. Сансыз пікір алмасулар барысында елдің еңбек заңнамасы бірден 150 бапқа қысқартылған. Нәтижесінде құжат мазмұны анағұрлым түсінікті, бастысы тиімді бола түсті. Құжатқа сәйкес еңбек етушілердің бұзылған құқын кәсіподақтар қорғауға тиіс.

Жаңа Еңбек кодексі кәсіподақ ұйымдарының қызмет аясын қоғамдық бақылау саласында айтарлықтай кеңейткен, олар жаңа құқықтар мен өкілеттіктерге ие болған. Мәселен, кәсіпорын немесе ұйымда кәсіподақ құруға бөгет болған, жұмысшылардың еңбек жағдайын бұзған  басшылық енді 60-тан 400 АЕК-ке дейінгі айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға, тіптен қылмыстық жазаға да тартылуы мүмкін.

Жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы қатынас енді ұжымдық шарт негізінде жүзеге асатын болады.

«Өкінішке қарай кәсіподақтарды тіпті оппозиция деп санайтын басшылар бар, – дейді Ғани Қарабеков. – Біз билікпен күрес жүргізбейміз, нақты жұмысшының нақты жұмыс беруші тарапынан бұзылған құқықтарын қорғаймыз. Компания басшылары кәсіподақтардың жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы дәнекер екенін түсінуі қажет».

Жиі ұшырасатын мәселелердің бірі – адамдардың ұжымдық шарттың не екенін білмеуі. Ал бұл дегенің жұмысшылар құқығын қорғауға арналған ең үлкен күш. Еңбек жағдайын кәсіпорын басшыларымен бірлесе отырып жұмысшылардың өзі анықтайды.

«Кейбір ұйымдарда адамдар ондай шарт туралы да, еңбек ақысын төлеу ережелерін де білместен жылдап жұмыс жасауы мүмкін, ал мұндайды біліп жүру ұжымның негізгі заңы ғой. Екінші мәселе, бұл – жұмысшыларды қысқарту кезіндегі жаппай құқықбұзушылықтар. Үшіншісі, ең басты мәселенің туындауына жұмысшылардың өздері кінәлі. Олар өз үнсіздігі арқылы астыртын жалақылардың артуына, еңбекақы мен еңбек жағдайларының өрескел бұзылуына себепші болып отыр», – дейді Оңтүстік Қазақстан кәсіподақтар көшбасшысы. Жаңа заңда үстеме жұмыстар, түнгі уақыттағы жұмыстар, мереке және демалыс күндердегі жұмыстарға төленетін ақыларды төлеу жөніндегі мөлшерлемелер анықталған.

Жаңа Еңбек кодексіне «өндірістік кеңес» түсінігі енген. Бұл еңбек органының шешімі жұмыс беруші мен жұмысшы үшін міндетті саналады. Осылайша, еңбек жағдайларын жақсартудың жаңа құралы пайда болды. Сондықтан дәл осындай келісімдерде әлеуметтік-еңбек қатынастарының барлық аспектілерін мейлінше бекіту қажет.

«Қазақстан 50 емес, енді 30 дамыған мемлекеттер қатарына кіруге дайындық үстінде. Ал мен өздері қымбат джиптер мініп алып, кәсіпорындарындағы жұмысшылардың қарапайым еңбек жағдайларын жасамақ түгілі, оларды жалшы сияқты ұстайтын бизнесмен-басшыларды көріп те, біліп те жүрмін. Олардың қауіпсіздігі туралы айтпай-ақ қояйық. Біздің ел алдына осындай мақсат қойған екен, онда халықаралық жұмыс берушілер де, әлгі трансұлттық компаниялар да бізді айтарлықтай сенімді, мықты серіктес ретінде танитындай барлық халықаралық стандарттарға сай болуымыз қажет. Кәсіподақтар расында мықты болуы керек», – деді Ғ.Қарабеков.

Кездесу соңында жұмыс берушілер өкілдері мен аумақтық кәсіподақтар бірлестігі арасында ұжымдық және еңбек дауларын сотқа дейін реттеу және еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер