«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбелік тіркемелер Еуропаның стандарттарына сай

2016 жылғы 11 Сәуір
- Ақтөбе облысы
3580 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының көмегімен сертификат алған өндіріс орнының көкжиегі күн өткен сайын кеңеюде

Ақтөбелік «Технодом-СТKZ» ЖШС компаниясы Nazar Treiler маркалы дөңгелекті тіркеме техникасын шығара бастады. Жобаның жалпы құны – 250 миллион теңге.

«Негізі зауытымыздың құрылысын 2014 жылы аяқтаған болатынбыз. Былтыр бір жыл уақытымыз тіркемелерді шығару лицензиясын алуға кетті. Кедендік Одақ аясында өндіріс ашуға лицензия беретін полигон Минск қаласы мен Мәскеуінде ғана бар. Мәскеу қаласындағы полигонда сынақтан өту арқылы тиісті лицензияны рәсімдедік. Міне, соңғы 3-4 ай бойына тұрақты түрде өнімдерімізді шығарып жатырмыз», – дейді кәсіпорынның директоры Ерлан Абдуғаппар. 

Оның айтуынша, зауыттың қуаттылығы айына 20-25 бірлік тіркеме жасауға жетеді. Қазір іс жүзінде 8-10 бірлік тіркеме өндіріледі. Тапсырыстар саны да күннен күнге арту үстінде. Nazar Treiler маркалы тіркемелерді бүгінгі таңда Ақтөбе, Атырау және Ақтау қалаларының көшелерінен көруге болады. Еуропаның стандарттарына сәйкес құрастырылатын тіркемелерге енді Астанадан да тапсырыстар келіп жатыр.

Компания жүкті өзі аударатын тіркеменің екі түрін шығарады: клиенттің өлшемдері бойынша дайындалған контейнер тасығыштар мен тралдар.

«Қазір зауытта 25-ке тарта жұмысшы еңбек етеді. Бензин, цемент және газ тасығыш цистернасы бар тіркемелер шығаратын қосымша цехты ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер ол іске қосылса, жұмысшыларымыздың саны 50-ге дейін жетеді. Кәсіпорынға  қажет бөлшектердің 80 пайызын өзіміз өндіреміз. Машина жасау үшін қажет метал Ресейден жеткізіледі», – дейді Ерлан Абдуғаппар.

Кәсіпорында еңбек ететін жұмысшылар негізінен кәсіптік-техникалық лицейлердің түлектері. Түркиядан келген мамандар оларға қондырғы бойынша тәлімдеме жүргізген.

«Жоба «Өндіріс» бағдарламасы бойынша, жылдық 6 пайыз мөлшеріндегі үстемеақымен қаржыландырылды. Кәсіпкерлер палатасы өнімнің ISO 9001 сертификатын алуына қолдау көрсетті. Болашақта зауыттың өнімдерін нарыққа шығарып, саудалауға да көмек қолын созбақшымыз», – деп мәлімдеді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Бауыржан Дәрқұлов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер