«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбеде жеке кәсіпкерлердің саны артып келеді

2016 жылғы 19 Сәуір
- Ақтөбе облысы
3923 просмотров

2016 жылы Ақтөбе облысында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін дамытуға 4 510 млн. теңге бөлінген

Ақтөбе облысы «Іскерлік ахуал–2015» рейтингінде Астана қаласынан кейінгі екінші орынды иемденген. Бұл «Атамекен» ҰКП-ның тапсырысы бойынша Экономикалық зерттеу институты жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде анықталды.

Ақтөбе облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Айзада Тоқсанбаева бүгінгі күні елді мекен тұрғындарының да кәсіпкерлікпен айналысуға деген ұмтылысы жоғары екенін, мұның бір себебі ретінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әртүрлі көмекті атап айтады. «Бүгінгі таңда облысымыздың барлық аудандарында Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қарасты кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары жұмыс істеп жатыр. Олардың жанынан кәсіпкерлік мектептері де ашылуда. Осылай ауыл тұрғындары үшін түрлі кәсіпкерлік нысандар ашуға қажетті құқықтық және басқа да кеңестер алуға тиісті жағдайлар жасалған. Халықтың өзі де кәсіпкерлікпен айналысудың тиімді екенін түсінген сияқты.
Оның бір дәлелі, өз кәсібін ашу үшін шағын несие алғысы келетін азаматтар бізге көптеп келе бастады», – дейді ол.

Айзада Тоқсанбаева мемлекет тарапынан кәсіпкерлік субъектілеріне бөлінген қаржының игерілуі туралы: «Ауылдық жерлерде кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсету мақсатында республикалық бюджеттен облысымызға барлығы 2 427,8 млн. теңге бөлініп, 1369 жобаға несие берілді», – дейді.

Кәсіпкерлікке бөлінетін қаржы мөлшері өсіп, кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдаудың артуы арқасында өз кәсібін ашқысы келетін азаматтардың саны күннен күнге өсіп келеді. Мәселен, өткен жылы облыста 208 адам жеке кәсібін бастаса, биыл 684 азамат өз бизнесін ашқан. Сондай-ақ, 685 адам өз бизнесін кеңейту мүмкіндігіне ие болды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасы аясында микрокредит беруге республикалық бюджеттен 1 270,0 млн. теңге бөлінді. Осы бағдарлама аясында Ақтөбе облысының ауылдық жерлеріндегі бизнесті несиелендіру жөніндегі қанатқақты жобаға енді. Оған республика бойынша бес облыс ғана ие болғанын айта кеткен жөн. Бұл жоба шеңберінде 6 миллион теңгеге дейін несие беріледі», — дейді Айзада Тоқсанбаева. Аталған микронесиелердің үстеме ақылары да кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Мысалы, бес жылға дейінгі мерзімге берілетін несиенің жылдық үстемесі 6 пайыз мөлшерінде ғана болады.

Ал кәсіпкерлерге республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржының жай-жапсары туралы Айзада Тоқсанбаева былай дейді: «Өткен жылы күзде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ақтөбе облысы әкімдігі ауылдық жерлерде бизнесті жаңадан бастаған жас кәсіпкерлер мен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне микронесие беру үшін барлығы 1 800 млн. теңге қаржы бағыттады. Оның ішінде 600 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінді. Атап айтар болсақ, «Жас старт» бағытына 300 млн. теңге, «Кең дала» бағдарламасына 600 млн. теңге және «Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасына 900 млн. теңге қарастырылған».

Мұның барлығы ауылдық жерлердегі бизнесті жаңадан бастаған кәсіпкерлерге қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарға үлкен серпіліс берді. Бұл бастаманың арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, шағын және орта кәсіпкерліктің көрсеткіштері артып келеді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер