«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнеске кедергі жасауға жол берілмейді

2016 жылғы 20 Сәуір
- Ақтөбе облысы
7380 просмотров

Ақтөбе облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг бойынша жұмыс күшейтілетін болады

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі өңірлік комиссияның отырысында осындай тапсырма берді

Мәжіліске қатысушылар ҚР Ұлттық экономика министрлігі Экономикалық зерттеулер институты құрастырған «Іскерлік климат» рейтингін қарастырды.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, 2015 жылдың қорытындылары бойынша, Ақтөбе облысы қолайлы бизнес-орта құру жағынан 2-орында және Астанаға ғана жол береді. Бағалау 5 негізгі критерий бойынша жүргізілді:  әкімшілік реттеу, мемлекеттік қолдау, жылжымайтын мүлік, адам және қаржы ресурстары.

Сонымен бірге, сауалнама барысында кәсіпкерлерге жемқорлық деңгейін  бағалауға да мүмкіндік берілді. Бұл көрсеткіш бойынша өңір рейтингте 4-орында тұр.  Ақтөбелік респонденттер тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі департаментті, салық қызметін, ТЖД-ні, жергілікті атқару органдарын жемқорлыққа ең көп бой алдырған сала деп есептейді. Бүгін аталған ведомстволардың басшыларына  сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия мүшелерінің алдында жауап беруге тура келді.

Ақтөбе облыстық прокуратура басқармасының бастығы Маратбек Мырзамұратовтың баяндауынша, жемқорлықтың туындауына ықпал ететін негізгі фактор – әдейі жасалатын әкімшілік кедергілер. Осы тұрғыда атап айтатын жайт, 2016 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша, Ақтөбе облысында жемқорлық құрамдасымен тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтардың саны 40%-дан 39%-ға дейін төмендеген.

«Мемлекет басшысының саясаты шағын және орта бизнесті дамытуға, бұл үшін бүкіл қажетті жағдайларды құруға бағытталған. Сіздер бизнестің экономикада қандай орын алатынын жақсы түсінесіздер, әсіресе дағдарыс кезінде бұл өте маңызды. Жергілікті атқарушы органдар оларды дамыту үшін барлық жағдайды жасауы, оларға қолдау көрсетуі тиіс, бизнесті дамытуға кедергі жасауға жол бермейміз», – деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев.

Атап айтқанда, өңірде әкімшілік кедергілерді, сондай-ақ, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға бөгет болатын жүйелік проблемаларды анықтау және жою жөніндегі жұмыс күшейтілетін болады. Оған қоса, уәкілетті органдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелендірілген мониторинг жүргізу тапсырылды, оның құрамына жемқорлық құқықбұзушылықтарды есепке алу және талдау, жемқорлыққа қарсы бағдарламаларды өңірде тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар мен сауалнамалар жүргізу кіреді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер