«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Оқытудың 60 пайызы өндірістегі тәжірибеден тұрады

2016 жылғы 22 Сәуір
- Ақтөбе облысы
3545 просмотров

Ақтөбе облысында дуальды білім беру жүйесі табысты түрде енгізілуде

Бүгінгі таңда Ақтөбе облысында техникалық және кәсіби білім беру жүйесінде 41 колледж қызмет етеді. Аталған кәсіптік оқу орындарының тең жартысы дуальды білім беру жүйесіне көшуді бастап-ақ кетті. Ендігі мақсат – аталған жүйенің қазақстандық үлгісін қалыптастыруға күш салу.

«Дуальды білім берудің қаншалықты тиімді екенін жүйе енгізілгеннен кейінгі колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіштері жоғарылап, еңбек нарығында оларға деген сұраныстың арта түскендігінен көруге болады», – дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасы техникалық, кәсіби және орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің бас маманы Азамат Бұрымбаев.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен облыстық білім басқармасы арасында техникалық және кәсіби білім беру саласындағы серіктестік туралы келісімге қол қойылған. Келісімнің мақсаты – студенттердің тәжірибеден өтуін ұйымдастыру, дуальды білім беру жүйесін енгізу, оқытушылар мен өндірістік білім беру тәлімгерлерін қайта даярлап, олардың біліктіліктерін арттыру, тағылымдамадан өткізу, техникалық және кәсіби білім беру мекемелері түлектерін жұмысқа орналастыру бағытындағы жұмыстарды дамыта түсу.

Бүгінгі күні облыс бойынша 20 колледжге дуальды білім беру жүйесі енгізілген. Сондай-ақ, 56 кәсіпорын осы жүйемен маман даярлау жұмыстарына тартылып отыр. 26 мамандық бойынша маман даярлау жаңа әдіске сәйкес жүргізіледі. Анығырақ айтсақ, студентті оқыту бағдарламасының 60 пайызын өндірістегі тәжірибе дәрістері құрайды.

«Дуальды білім беруді енгізудің нақты және жарқын мысалы ретінде Хромтау қаласындағы тау-кен техникалық колледжі мен «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ-тың филиалы Дөң тау-кен байыту комбинаты арасындағы әріптестікті айтуға болады. Кәсіпорын мен колледж тау-кен өндірісіне қажет мамандарды бірлесе отырып дайындауда», – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы.

Дуальды білім беру Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжі мен Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінде де жолға қойылған. Ауыл шаруашылығы колледжі «ветеринария» мамандығы бойынша маман даярлау үшін Өңірлік кәсіпкерлер палатасы және «Парижская коммуна» ЖШС, «Анди» ЖШС, «Айбек» ет комбинаты» ЖШС секілді мал шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорындармен үш жақты келісімшартқа қол қойған.

Облыстық білім басқармасының бас маманы дуальды білім беру жүйесінің әрі қарай дамуына кедергі болып отырған өзекті мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, ең өзекті мәселе – инвестиция. Орта кәсіпкерліктегі бизнес білім беруге қаржы құюға дайын емес немесе ондай мүмкіншіліктері жоқ. Мәселен, студенттің өндірістік тағылымдамадан өтуі үшін арнайы тәлімгер тағайындау да қаржылай шығынды қажет етеді. Бүгінгі таңда «Казхром» АҚ, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ сынды ірі кәсіпорындар ғана тәлімгер тағайындай алады.

Ал өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Венера Шавкилова дуальды оқыту жүйесінің білікті техникалық маман даярлау мәселесін шешудегі маңызын атап өтті. Оның пікірінше, колледж студенті кәсіпорында тәжірибелік сабақтардан өтіп жүрген кезінде ұжымға моральдық тұрғыдан да, маман ретінде де дайындалады.

«Сапалы, білікті маманды дуальды оқыту арқылы дайындауға болатынын оқыту мекемелері де, сол маманға зәру жұмыс беруші, яғни кәсіпорын да түсініп отыр. Өйткені, болашақ техникалық маман колледж қабырғасында жүргенде алатын білімінің 60 пайызын кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өту арқылы алады. Осылайша бұл кәсіпорын өзіне қажет маманды өзі дайындайды», — дейді Венера Шавкилова.

Айта кетейік, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы облыста дуальды жүйені енгізу жөніндегі Жол картасының табысты жүзеге асырылуына маңызды рөл атқарып отыр. «Атамекен»ҰКП облыстық бөлімшесі бұл жоба аясында мамандарды дайындайтын оқыту мекемелері мен маманды жұмысқа алатын кәсіпорындардың арасын байланыстырып, үйлестіру жұмыстарын жүргізе бермек. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер