«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ауыл бизнесіндегі жаңа мүмкіндіктер

2016 жылғы 18 Мамыр
- Ақтөбе облысы
11604 просмотров

Ауыл кәсіпкерлеріне жеке ісін дамыту үшін «Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасының шеңберінде төмен пайызбен несие алуға мүмкіндік туды

Ол кәсіпкерлікті дамытуға айтарлықтай серпін береді деп күтілуде.

Бағдарламада 17 миллион теңгеге дейін (8000 АЕК) 6 пайызбен 4,5 жылға дейінгі мерзімде шағын несие беру қарастырылған. Бұл қаражат фермерлер үшін жеке шаруашылығын бастауға немесе бұрыннан бар шаруашылығын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қолжетімді несие есебінен жеке бизнесті қалай ашуға болатындығы туралы Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Нұрболат Өмірзақов айтып берді.

«Жобаның бірқатар маңызды артықшылықтары бар: ауыл бизнесін қолдау, пайыздық мөлшерлеменің аз болуы және өтеу кестесінің икемділігі. Қаражат саудадан басқа бизнестің кез келген түрін ашуға немесе кеңейтуге берілуі мүмкін. Бағдарламаға өз шаруаларын Ақтөбе облысының ауылды елді мекендерінде жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады», – деп атап өтті сарапшы.

Бұл бағдарламаның несие қоржынына «Алмэкс» АҚ холдингтік тобының, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мен жергілікті бюджеттің қаражаттары енгізілген. Жобаны жүзеге асыруға барлығы 900 миллион теңге қарастырылған.

«Ауыл кәсіпкерлері» бағдарламасы бойынша кеңес пен шағын несие алғысы келгендер тұрғылықты жерлеріндегі Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына немесе Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарына баруларына болады.

Онда құжаттар пакетімен және жеке ісін кеңейту жөнінде бизнес-ұсыныстармен қоса шағын несие рәсімдеуге өтінім өткізулері қажет. Несиені рәсімдегендер үшін негізгі қарызды өтеу бойынша алты айдан кем емес мерзімге жеңілдік кезеңі беріледі.

Одан бөлек, бағдарламаға қатысушыларға кәсіпкерлік негіздері бойынша тегін дәріс алуға, бизнес-жоспар әзірлеуге мүмкіндіктер жасалған. Сондай-ақ, олар бір жылға дейінгі мерзімде жобаны сүйемелдеуге қажетті маркетингтік, құқықтық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлеріне жүгіне алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер