Сіздер салған үйді біз сатып өткіземіз!
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ақтөбелік филиалының басшылығы құрылыс компанияларына пәтерлерді сатып өткізуге көмек көрсетпек
Кәсіпкерлер палатасы өңірдің әкімдігімен және «ТҮҚЖБ» АҚ филиалымен тұрғын үй кластерін дамыту туралы меморандумға қол қойды. Жасалған келісім аясында құрылыс кластері құрылатын болады және ол 15 компанияны – құрылысшыларды, құрылыс материалдарын өндірушілерді, жобалық ұйымдарды біріктіреді. Кластердің негізгі мақсаты – арзан әрі сапалы баспана салу.
Тараптар қазірдің өзінде меморандумды іске асыруға кірісіп кетті. Палата мен «ТҮҚЖБ» басшылары өңірдегі құрылыс компанияларының басшыларымен кездесті.
«Бүгінгі күні банкте 45 мың салымшы бар. Олардың қаражатын тек тұрғын үй құрылысында ғана емес, сонымен бірге құрылыс материалдарын өндіруде, жаңа жұмыс орындарын құруда пайдалануға болады», – деп атап көрсетті ӨКП директоры Нұрлыбек Мұқанов кездесу барысында.
Облыстың құрылыс индустриясы саласында 1400 кәсіпорын жұмыс істейді, оларда 10 мыңнан астам адам жұмысқа тартылған. Бес жыл ішінде тұрғын үй бағдарламасы аясында өңірде 240 мың шаршы метрлік несиелік баспана және 50 мың шаршы метр жас отбасыларға арналған жалгерлік тұрғын үй немесе 3500 пәтер пайдалануға берілген. 2015 жылы 560 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған, оның ең көбін тұрғын үй құрылыс жинақтары желісі бойынша салынған үйлер құрайды. Сонымен бірге кезекте тұрған 24 мың адам өздерінің баспана мәселесін шеше алмай отыр, тек Ақтөбенің өзінде 18 мың адам пәтер кезегін тосуда.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ филиалының директоры Нұрлан Күзембаев атап өткендей, қазіргі уақытта бюджеттік ұйымдар, мемлекеттік органдар қызметкерлерінен, кәсіпорындар жұмысшыларынан база құру бойынша жұмыс жүргізілу үстінде.
«Біздің міндетіміз – сатып алушылардың жекеменшік құрылыс ұйымдарымен кездесуін ұйымдастыру. Бүгінгі таңда облыстың тек ішкі істер департаментінің 363 қызметкері өздерінің баспана жағдайын жақсартқысы келеді. Қазір біз бірлесіп, олардың қандай ықшамауданда тұрғысы келеді, қандай пәтерлерге мұқтаж екендігін анықтаудамыз. Және де мұндайлар көп. Біз барлығымен бірге жұмыс істеуге әзірміз. Біз бүгін сіздерді қандай проблемаларды дербес шеше алатындарыңызды анықтау үшін жинадық, сөйтіп оларды жергілікті атқарушы органдардың алдында көтеретін боламыз», – деді Нұрлан Күзембаев.
Банк өкілдері құрылыс компаниялары басшыларының арасында сауалнама жүргізді.
Облыста соңғы бес жылда 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл облыстағы 19 мың отбасыны тұрмысқа жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Облыстың тұрғын үй құрылысына барлық қаржыландыру көздері есебінен 163 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Тұрғын үй құрылыс жинақтары желісі жөніндегі бағдарламалар тиімді іске асырылуда: салымшылардың саны 17 мыңнан 45 мыңға өсті, депозиттік қоржын 9 миллиардтан 25 миллиард теңгеге көтерілді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: