«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Төмен пайызбен несие алды

2016 жылғы 02 Маусым
- Ақтөбе облысы
7440 просмотров

«Ауыл кәсіпкерлігі» микронесиелеу бағдарламасының арқасында қожалық өз ісін дамыту үшін төмен пайызбен несие алды

«АKTOBE INVEST 2015» 3-халықаралық инвестициялық форумы барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Ақтөбе облысы әкімдігі, «АЛМЭКС» холдингтік тобы» АҚ және «Ауыл шаруашылығына қаржылық қолдау көрсету» АҚ арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғаны белгілі. Онда Ақтөбе облысының ауылдық елді мекендеріндегі және шағын қалалардағы шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу қарастырылған.

Аталған келісімді жүзеге асыру үшін әр тарап 300 млн теңге бөліп, нәтижесінде аталған бағдарламаның несиелік портфелі 900 млн теңгеге тең болды.

«Миялытау» ЖШС айналымдағы қаражатын толтыруға бірінші болып 15 млн теңге алған. Бұл қаражатқа серіктестік жанар-жағармай материалдары мен қосалқы бөлшектер сатып алып, бүгінгі күні егін егу шараларын табысты аяқтауда.

Қожалық 2009 жылдан бастап Әйтекеби ауданының Құмқұдық ауылында орналасқан және бидай өсіру, экспорттау, ауылшаруашылық өнімдерін даярлау және қайта өңдеумен, сондай-ақ, мал шаруашылығымен айналысады.

ЖШС директоры Виктор Мязиннің айтуынша, серіктестік 9 312 гектар егістік және 80 145 жайылымдық жерге ие, сондай-ақ ғимараттар, қоймалар, машина-трактор паркі секілді қажетті материалды-техникалық базамен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, «Миялытау» өзі құрылған күнінен бастап жылқы өсірумен айналысады. Бүгінгі күні қожалықта 555 бас жылқы бар.

«Биыл біз 4000 гектар жерге бидай өсіруді жоспарлап отырмыз. «Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасы арқылы қол жеткізген қаражатқа біз жанар-жағармай материалдары мен қосалқы бөлшектер сатып алдық. Ауыл кәсіпкерлері үшін бұл үлкен көмек екенін айтқым келеді. Бұл жобаны жүзеге асыру аграрлық бизнесті дамытуға және олар өндіретін өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді», – деп санайды Виктор Мязин. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер