Тауда өскен бүлдірген, қырда өскен бүлдірген
«Ауыл кәсіпкерлері» бағдарламасы аясында несие алған кәсіпкер 75 мың бүлдірген көшетін отырғызған
Еске салсақ, «Актобе Invest – 2016» 3-халықаралық инвестициялық форумы барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе облыстық әкімдігі және «АЛМЭКС» Холдингтік тобы» АҚ және «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ тараптарымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Меморандум облыстағы ауылдық елдімекендер, моно, шағын қалалардағы шағын кәсіпкерлік субъектілерін микронесиелеуді қарастырады. Бұл келісімді жүзеге асыру үшін әр тарап 300 млн теңгеден бөліп, нәтижесінде микронесиелеудің ортақ қоры 900 млн теңгеге тең болған.
Кәсіпкерлер уақытты бос өткізбей, берілген мүмкіндікті толық пайдалануға тырысуда. Қарғалылық бизнесмен Айбек Сансызбаев – солардың бірі. Ол төрт жыл бұрын Қарғалы ауданының Қос-Істек ауылында құрылыс материалдарын сататын шағын дүкен ашқан.
Былтыр бизнесмен өз ісінің аясын кеңейтуді шешіп, жидек өсіру ісінде күш сынап көрмекші болады. Таңқурай бұталары мен қара бүлдірген көшеттерін сатып алып, отырғызып, жиналған өнімді еш қиналмастан сатады. Іс алға басқаннан соң, Айбек биыл жаңа жидек түрі – бүлдірген өсірмекке бел буады. Қарғалы ауданы бойынша кәсіпкерге бәсекелес ешкім жоқ. Сондықтан азды қанағат тұтпай, бірден 75 мың бүлдірген көшетін алып, оны 15,5 га жерге отырғызады. Бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін 10 млн теңге жұмсалған. 6 млн теңгегі жидек бұталарын алуға кетсе, тағы 4 млн тамшылай суару жүйесін сатып алуға жұмсалған.
Айбек өз ісінен түсер табыстың көл-көсір боларына сенімді. Тәтті таңқурайдың бір келісін 500 теңгеден қымбатқа сатпайтынын, ал бүлдіргенді 600 теңгеден өткізетінін айтады. Тіпті, түсетін ең аз табыстың өзін есептегенде, кәсіпкер бір маусымда 30 млн-нан астам теңге кіріс кіреді деп жоспарлап отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: