«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Міндетті әрі бірыңғай киім үлгісі

2016 жылғы 04 Шілде
- Ақтөбе облысы
10058 просмотров

Мектеп формасына баға бекіту кезінде Кәсіпкерлер палатасының пікірі есепке алынбақ

Мұндай шешім қалалық білім беру бөлімінің, кәсіпкерлер мен мектеп директорларының қатысуымен өткен отырыс барысында айтылды.

Ақтөбе қаласы білім беру бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, бірыңғай форманың бағасын ателье мен тігін шеберханаларының қожайындары өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе бекітетін болады.

Шарада бірінші сынып оқушылары мен орта буын оқушыларына арналған мектеп формаларының үлгілері көрсетілді.

Түс үйлесімі, үлгісінің ерекшеліктері мен мата түрін ескере отырып, анағұрлым оңтайлысы ретінде қою жасыл түсті, белдемшесі мен сарафаны тор көзді матадан тігілген форма  танылды. Оның матасы барлық талаптарға жауап береді.

Ер балаларға тек жакет пен пенжек, ал қыз балаларға белдемшесі бар жакет немесе бүрмелі етекті сарафан тігіледі. Бірыңғай формасының артықшылықтары ретінде, білім беру бөлімінің басшысы, мектеп ауыстырған жағдайда ата-ананың жаңа киім сатып алып жатпайтынын айтты.

«Биыл «Білім беру туралы» заңға көп өзгерістер енді, олардың бірі міндетті мектеп формасын енгізуге қатысты болды. Биылғы жылдың 14 қаңтарында Білім беру министрлігінің бұйрығы шығып, онда бірыңғай мектеп формасы туралы ережелер мен талаптар берілген. Осы сәттен бастап елдің барлық өңірлері аталған өзгерістер бойынша жұмыс жасауға кірісіп кетті. Барлық мектептерде ата-аналар жиналысы өтіп, мамыр айының соңында қалалық жалпы ата-аналарға арналған конференция өтті, оған ата-аналар комитеттерінің төрағалары және тігін цехтары мен ательелер атынан кәсіпкерлер қатысты», – деді Ләззат Оразбаева.

Конференция қатысушылары барлық бірінші сынып оқушыларында бірыңғай мектеп формасы болуы керек деген шешімге келді. Балалар киіміне қойылатын басты талап мата сапасы болды.

Қала мектептерінде 8 300-ге тарта оқушы білім алуда және олардың көбі 1 қыркүйекке дейін форма алып үлгермеуі де мүмкін. Білім күнінде оқушылар классикалық үлгідегі: үсті – ақ, асты – қара киім кие алады. Алайда қарашаға қарай барлық бірінші сынып оқушылары мектеп формасымен қамтылуы керек. Жергілікті ательелер мен тігін шеберханалары өз жұмыстарын бастап кетті.

Келесі жылы мектеп формасын төртінші сынып оқушыларына, ал одан ары сегізінші сынып оқушыларына енгізетін болады. Үш жыл ішінде барлық облыс оқушылары бірыңғай, анағұрлым ыңғайлы әрі сапалы киім түрін кимек. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер