«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ауыл кәсіпкерлерін әбігерге салды

2016 жылғы 19 Тамыз
- Қарағанды облысы
7670 просмотров

«Бизнестің жол картасы» бойынша шағын және орта бизнес субъектілерін несиелендіру бағдарламасы көптеген себептерге байланысты ауылдық жерлерде шын мәнінде жүзеге асырылмай келеді

Бұны мемлекеттің қолдауын алып, кейін осы ойынан айнып қалған кәсіпкерлер дәлелдеп отыр.

Кәсіпкерлер палатасының Қарқаралы ауданы филиалының директоры Сәулехан Шәмшиевтің айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ақша алған тәжірибелі кәсіпкерлер, негізінен, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бағытында және несиелік кепілдікте босқа әбігерленгеннен гөрі, пайыздарды артық төлегенді жөн санайды.

«Өзінің жеке бизнесін ашуда немесе оны кеңейтуде кәсіпкерлерге кезігетін ең бірінші мәселе – барлық банктердің Қарағанды қаласында орналасуы. Оған қоса, банктер біздің ауданымызда орналасқан мүліктерді кепілдікке алмайды. Өйткені ол жарамсыз. Биылдың өзінде біздің өлшеміміздегі бес ірі кәсіпкерге несие беруден бас тартты. Ал егер кәсіпкердің қолынан келіп, келісімді рәсімдеп және мемлекеттің қолдауына ие болған күннің өзінде шегі мен шеті жоқ қағазбастылық пен жаппай бақылаудан көз ашпайды. Қалада дүкені бар кәсіпкер әйелдің бірі, бизнесін кеңейту мақсатында несие алу үшін құжаттар дайындауға сегіз ай уақыт жұмсаған!», – деді С.Шәмшиев.

Кәсіпкер әйел ақыры облыс орталығындағы пәтерін кепілдікке қойып, 4 млн теңге көлемінде несие алады. Осы жерден енді басқа мәселе туындайды. Алған қаражаты бойынша есеп беруді талап етіп хабарласушылар көбейген. «Ол барлық қаражаттың мақсатты жұмсалғанын дәлелдейтін түбіртектер мен шот-фактураларды көрсеткеннен кейін, оған қайта хабарласып, бұрынғы құжаттар жоғалуы себепті, барлығын қайтадан растауын талап еткен. Тіпті облыс әкімінің селекторлық жиналысында ешқандай тәртіп бұзбағанын, алған қаражатты босқа жұмсамағанын дәлелдеп ақталуына тура келді. Ақыры осының бәрінен титықтаған кәсіпкер, жылына 20% төлеп отыруды жөн санап,  қайтадан келісімшартқа отырды. Бір жағынан, қарап отырсаңыз, мемлекеттік бағдарламаның идеясы жақсы және талаптары да қолайлы сияқты», – деді Кәсіпкерлер палатасының Қарқаралы ауданы филиалының директоры Сәулехан Шәмшиев.

Аудандық кәсіпкерлер қауымдастығының президенті, Кәсіпкерлер палатасы Қарқаралы ауданы филиалының мүшесі Бақытгүл Абдуллина да осылай еткен. Оның өзінің жеке наубайханасы мен кондитерлік цехы бар. Айтуынша, бірнеше жыл бұрын, өнім өңдеу мақсатында 6%-дық несие алу үшін өтініш берген.

«Мен екінші дәрежелі банктердің бірінен құрылғылар сатып алу үшін 6 млн теңге несиеге қол жеткізгенде, «Дамуға» байланысты мәселелер басталды, – дейді кәсіпкер әйел. – Келісімшартқа отырғаннан кейін де көптеген қиындықтары бар болып шықты. Менің ойымша, қаржы институттары мен кәсіпкерлікті дамыту қорының арасында нақты келісімшарт жоқ. Барлық рәсімді сақтап, жобаңды қорғап, өзіңнің мақсатты пайдаланатыныңды дәлелдеу үшін көп күш салу керек. Ең басты және ең үлкен мәселе – менеджерлердің жиі ауысуы шығар. Олар кеткеннен кейін бір жағдайларға байланысты тірнектеп жиған құжаттарың жоғалып кетіп отырады. Қайта мен өз басымнан өткеннен кейін келісімшарттың, түбіртектің басқа да құжаттардың көшірмесін өткіземін. Ал білмей құжаттардың түпнұсқасын өткізіп, опық жеп отырғандары қаншама?... Кейін жоғалып кеткеннен кейін, өткізгенін дәлелдей алмай әлекке түседі. Бұл дұрыс емес қой! Оларды тексерулермен қорқытып, айыппұл төлеуге дейін алып барады. Біресе прокуратура, біресе мемлекеттік кірістер комитеті, әйтеуір шегі жоқ тексерулер қаптап кетеді. Сол себепті, қайта қаржыландыруға беруге мәжбүр болдым. Тіпті қазірдің өзінде, арада бір жыл өтсе де, банктен және қордан хабарласып, есеп өткізуімді талап етеді».

Палата филиалында осы сынды арыз-шағымдар қатары көбейген. Олардың айтуынша, «жұмыспен айналысудың орнына, керекті құжаттарды жинап, ары-бері жүгірулеріне тура келіп отыр». Соңғы 5 жылдың ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие алуға бірнеше адамның ғана қолы жеткен.

Қарқаралық кәсіпкерлер ауыл шаруашылығындағы осы мәселелерді дұрыс агробанктер құру арқылы шешуге болады деп есептейді. Тек осы жағдайда ғана, кәсіпкерлікті дамыту туралы сөз қозғаудың реті келмек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер