«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шекарасыз әріптестік бастауы

2016 жылғы 30 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
6796 просмотров

Ақтөбеде «Еуропа-Азия. Шекарасыз әріптестік» атты Қазақстан – Ресей XV халықаралық өнеркәсіп көрмесі өтті

«Қоныс» спорт сарайында 28 қыркүйек күні басталған ірі көрмені Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы, Оренбург облысының үкіметі және «Ақтөбе облысы кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағы» қоғамдық ұйымы ұйымдастырып отыр.

Көрме РФ және ҚР өңірлері арасындағы экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық әріптестікті дамыту, Ақтөбе және Орынбор кәсіпкерлері арасындағы байланыстарды бекіту, ортақ бизнес-жобаларды, сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастарды дамыту, сондай-ақ Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістік жағдайларындағы шекара маңындағы шешілмеген мәселелерді монитирингілеу мақсатында өткізілді.

Осындай ауқымды шараның ашылуында Қазақстан мен Ресейдің өңірлік интеграцияны тереңдету жөніндегі жұмыстарды сенімді түрде жалғастырып жатқандығы сөз болды. Екі жақты бизнесті дамытудағы тұрақты оң тенденциялар еліміздегі бизнесті дамытуға мол мүмкіндіктер береді. Кедендік одақтың жұмыс істеуі бірыңғай экономикалық кеңістікті сауатты түрде құруға көмектеседі. Онда төрт еркіндік, яғни тауарлар, қызмет түрлері, капитал және жұмыс күші сияқты қағидалары табысты қамтамасыз етілуде.

«Көршілес мемлекеттер арасындағы әріптестік пен достық байланыстарын кеңейтуге 15-мәрте өткізіліп отырған «Еуропа-Азия. Шекарасыз әріптестік» Қазақстан-Ресей өнеркәсіптік көрмесі ауқымды үлес қосып келеді. Көрмелік шаралар – ресейлік және қазақстандық кәсіпорындардың өнімдерін Ресей және Қазақстан нарығында сатып өткізуде, шекара маңындағы өңірлердің инновациялық, инвестициялық, туристік әлеуетін қажетті деңгейде таныстыруда керемет мүмкіндік», – деп өз пікірін білдірді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов.

Көрмеге Қазақстан мен Ресейдің 22 қаласы мен аудандарынан 140 кәсіпорын қатысты. Дәстүр бойынша, көрмеге мынандай бағыттар бойынша жұмыс істейтін кәсіпорындар мен ұйымдар өз өнімдерін қойды: машина жасау, құрал жасау, мұнай газ өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, арнайы техника, автомобильдер және құрал-жабдықтар, ауыл шаруашылығы техникасы, химия, жеңіл, тамақ, жиһаз өндірушілер, халық тұтынатын тауарлар, арнайы киімдер, қызмет түрлері және т.б.

Қазақстан «Ақтөбелік хром қосындылар зауыты», «Ақтөбе мыс зауыты», «Восход-Oriel», «АРБЗ», «Стройдеталь», Қазақстандағы тұңғыш алюминийден жасалатын жылыту радиаторларын өндіретін TIPIDO-ны таныстырған алматылық «Склад ОВ» компаниясы, голландиялық бірегей технологиялар бойынша тас төсемдер шығаратын Қазақстандағы жалғыз «Камни Азии» ЖШС, шымкенттік «Зерде-Керамика» ЖШС сынды көптеген компаниялардың өнімдерін таныстырды. Ресейлік тарап «Завод котельного оборудования» АҚ (Белогород обласы), «Орский завод электромонтажных изделий» ЖШҰ, «Кувандыкский завод КПО «Долина» АҚ, «КВАНТЭМ», «Арго», «МК ЖеЛеН» ЖШҰ, «Оренбургская чайная фабрика», «Новотроицкий мясокомбинат» және басқа компаниялардың өнімдерін ұсынды.

Өнеркәсіп пен сауда-саттыққа арналған машиналар шығарумен айналысатын түріктің OSMAK RULO MAKİNA SAN. VE TİC.LTD.ŞTİ компаниясы да өз өнімдерін таныстырды.

Көрме аясында Оренбург және Ақтөбе облыстарының сауда-экономикалық әріптестігіне қатысты өзекті мәселелерді талқылауға бағытталған семинарлар, дөңгелек үстелдер мен таныстырылымдар өтті. Сондай-ақ қатысушылар ауыл шаруашылығы, жаңа технологиялар саласындағы әріптестік және Оренбург пен Ақтөбедегі жетекші емханаларда емделудің алғышарттарына қатысты мәселелерді талқылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер