«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Bastau» - барлық ауданға!

2016 жылғы 07 Қазан
- Ақтөбе облысы
11642 просмотров

Ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерді қолдау үшін Ақтөбе облысының әр ауданында «Bastau» бағдарламасы іске асырылмақ

Ақтөбе облысына жасаған іссапарында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов Бердібек Сапарбаевпен ауыл бизнесін дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейтуге мүмкіндік беретін бірқатар мәселелерді талқылады.

«Өңірде бизнесті дамыту үшін ең тиімді шаралар қолданылуда, шағын және орта бизнес субъектілері мемлекеттік қолдау құралдары мен механизмдерін барынша пайдаланып жатыр. Өңірде 60 мыңдай бизнес субъектісі тіркелген, олардың саны арта береді деген ойдамын. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін біз өз тарапымыздан бар күшімізді саламыз», – деді облыс әкімі кездесу барысында.

«Сіздердің облыстарыңызда Темір ауданы ауыл тұрғындарын бизнеске баулитын және оларға бизнес жүргізу негіздерін оқытатын «Bastau» атты пилоттық жобаға енді. Біздің үмітіміз ақталды: осы бағдарлама бойынша оқып жатқан 100-ден астам адамнан 44 үміткер іріктелді. Біз енді 15 жобаға шағын несие бөлуді жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті өз кезегінде Абылай Мырзахметов.

ҰКП Басқарма Төрағасы Темір ауданына барып, аталған жобаның іске асу барысын өзі тексерді.

«Bastau» бағдарламасының негізгі мақсаты ауыл тұрғындарын кәсіпкерлік қызметке тарту арқылы аудан тұрғындарын жұмыспен қамту. Оқыту бағдарламасы бизнес бастамасы бар тұлғалар мен елдімекендердегі жас кәсіпкерлердің сұраныстарын ескере отырып жасалған.

Темір ауданының 160 тұрғынын оқыту Шұбарқұдық кентінде 14 қыркүйек күні басталды. Бір айдың ішінде әлемнің 25 елінде жұмыс тәжірибесі бар халықаралық бизнес-тренер Медер Аматов өз ісін бастауды немесе бұрыннан бар бизнесін кеңейтуді қалайтын аудан тұрғындарына бағдарламаны таныстырады. Ұзақ мерзімді тренингті тиімді жүргізу үшін бағдарламаға қатысуға тілек білдіргендер арасында менеджерлік машықты, кәсіби біліктілікті  анықтайтын сынақ жүргізілді. Өтінім берген 160 адамның ішінен 90 адам сынақтан өтті. Аталған бағдарламаға қатысушылар өндіріс ашуға, қызмет көрсетуге және логистиканы дамытуға қатысты 15 жоба әзірледі.

Оқу қорытындысы бойынша табысты деген бизнес-жобалардың авторлары «Атамекен» шағын несие беру ұйымы ұсынған жеңілдікпен несие беру бағдарламасының (жылдық мөлшерлемесі 4% болатын) қатысушысы атанады.

Абылай Мырзахметов қаржыландыруға үміткер әр жобамен жеке танысып, Темір ауданы кәсіпкерлерімен және кәсіпкерлердің аудандық кеңесінің мүшелерімен өзекті мәселелерді талқылады.

«Өңір басшылығының жағдайды жақсы түсінеді, облыс әкімі аталған жобаны облыстың барлық аудандарында іске асыру қажет деп санайды. Мұндай үйлесімді жұмыс нәтиже беретініне сенімдімін», - деп түйіндеді ҰКП Басқарма Төрағасы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер