«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Абылай Мырзахметов: Жаңа Салық кодексі бизнес мүддесі тұрғысынан жасалады

2016 жылғы 02 Қараша
11414 просмотров

Қосымша құн салығының (ҚҚС) төменгі деңгейін 10 есеге қысқартуға байланысты заңға енгізілген түзетудің өз күшіне енуіне әлі бір жылдан астам уақыт бар.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов осы аралықта отандық сарапшыларды аталған заң бабын жақсартуға бар күшін салып, қызу жұмыс істеуге шақырды.

Жергілікті шағын және орта бизнестің қал-ахуалына жақсы қанық тәуелсіз қазақстандық мамандар Үкімет бастамасына қатысты дербес көзқарасын білдіріп, ұстанымын айқын жеткізе алады. Бұл мақсатта пікір алмасуға Ұлттық кәсіпкерлер палатасы еркін сұхбат алаңын ұсынуға дайын. ҰКП Басқарма Төрағасы бүгін осылай мәлімдеді.

«Қосымша құн салығының төменгі шегін азайту бойынша Салық кодексіне енгізу көзделген түзетулер жалпы қоғам мен бизнес-орта арасында кең көлемде пікірталас туғызғаны аян. Сондықтан қалыптасқан жағдай жөнінде жан-жақты түсінік беріп келеміз. Мәселенің аса өзектілігін түсіне отырып, апта басында барлық құзырлы тараптардың, заң жобасын әзірлеушілердің, экономикалық блоктың және «Атамекен» ҰКП өкілдерінің қатысуымен Премьер-министрде кеңес өтті. Өткен жылдан бері Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен оның құрамындағы салалық қауымдастықтар Кодекстегі бизнес жүргізуді күрт нашарлату ықтималдылығы жоғары бапқа жария түрде үзілді-кесілді қарсылық танытқаны белгілі. Дегенмен тиісті қағидат өкінішке қарай алынып тасталмағандықтан, қазіргі уақытта оның мазмұнын өзгерту маңызды болып отыр», - деді Абылай Мырзахметов.

ҰКП Басқарма Төрағасының айтуынша, бүгінде кейбір заңды жетілдіру шаралары қолға алынғанымен, қауіп бұлты сейілмей тұр. Осы орайда 2018 жылға дейінгі 1 жыл мерзіміндегі үзілісті тиімді пайдаланып, негізінен біртіндеп ҚҚС төлеушілер санатына ілігуі мүмкін шағын және жеке кәсіп иелеріне, ауыл кәсіпкерлеріне заң талабын жеңілдетуді қарастыру керек. Бұл тұста, Үкімет басшысының келісімімен, «Атамекен» ҰКП салық саласын әкімшілендіру аясында мүлде түбегейлі жаңа әдістерді жүзеге асыруға тырыспақ. Атап өтерлік жайт, қазірдің өзінде, заң шеңберінде ендігі жылға жоспарланған қатаң қадамдар жұмсартылған.

«Халықаралық белді кеңесшілерден бөлек, сарапшылар қауымдастығы, бизнес жағы, қауымдастықтар өзінің түйгенін ашық жеткізетініне уағдаластық. Тәуелсіздіктің соңғы жылдары бірнеше рет Салық кодексі редакцияларын талқылауға атсалыстық. Дегенмен алғаш рет бизнеске өзіндік бағыт-бағдарын белгілеуге мүмкіндік берілуде. Осы жерде ортақ істің болашағына алаңдап, үн қатқан барша сарапшыларға алғысымды айтамын. Сондықтан өңірлерді, Палатада тіркелген ұйымдарды тартқан күйде, таяу уақытта «Атамекенде» сарапшылар тобын құру жайлы шешім қабылдадық. Ұлттық экономика министрлігіндегі жұмыс тобымен де бірлескен іс-қимылдар тындырылады деп сенеміз. Бұл түйткілдің әр бизнесменді толғандыратынын түйсінгендіктен, ұсынысын ортаға салуға ниет білдірген ешкімге шектеу қоймаймыз. Кез-келген кәсіпкер әлеуметтік желіде де байланысқа шыға алады», - деп атап көрсетті Абылай Мырзахметов.

ҰКП Басқарма Төрағасының сөзіне қарағанда, халықаралық тәжірибеге назар аударылып, салық саясатының ықпалдастық үдерістеріндегі бәсекеге қабілеттілігі сараланады. Әлбетте, Қосымша құн салығын төмендетуге көлеңкелі экономикамен, ірі бизнестің салық төлеуден жалтарып, ұсақ нысандарға жіктелуімен күрестің әсер ететіні ескерілуде екен. Бірақ заңдағы өзгерістер, Елбасы тапсырғандай, халықты жаппай кәсіпкерлікке жұмылдыруға кедергі болмауы қажет. Жеке кәсіпті тіркеу, стартап бизнесті бастау, салықтық міндеттерді орындау неғұрлым ыңғайлы болуы тиіс. Бизнестен неден қиналатыны, неге жалған кәсіпкерлік сынды жағымсыз жайттар орын алатыны, табысы қандай екендігі, өнімнің өзіндік құны қаншалықты болатыны сұралып, салық мәдениеті жоғарылағаны дұрыс. Шағын қалалар мен ауылдардағы кәсіпкерлердің кірісі соншалықты көп емес екенін ескерсек, оларға да оңтайлы салық тәртібі іске асырылуы ләзім. Бизнес өз міндетіне ұқыпты қараса, ел қазынасы да ортаймай, жалақы уақытылы берілмек. Мысалы бір жарым миллиард теңгелік тендерді ұтқан құрылыс компаниясының айналымнан небары 2 миллион теңгенің шамасында салық түсіруі ойландырады. Салық мәселесіне әкімшілік ететін мемлекеттік мекемелер жазалаушы емес, алдын алу, ескерту рөлін алып жүруі абзал. Мәселен Жапонияда бірінші кеңес беріп, көмектесіп, содан кейін барып кемшілікке көңіл бөлінеді екен. Сондықтан жағдай тереңінен зерделенбек.

«Сөз соңында тағы бір қайталаймын, барлық сарапшыларды заң күшіне енгенше кәсіпкерліктің түгел қырын қамтитын құжатта бизнес мүддесін берік қорғайтын іргелі ұстанымды түзіп шығуға шақырамын», - деп қорытындылады ойын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов.     

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер