Багет пен гарпун іздесең, бізге кел
Кәсіпкерлер өндірістің жаңа салаларын табысты игеріп, «Қазақстанда жасалған» сапалы тауарлар көлемін көбейтіп жатыр
Оған мысал аз емес. Солардың бірі жеке кәсіпкер Асылхан Қуанышев. Ол бір жылға жетер-жетпес уақыт бұрын бөлменің аспалы төбесін бекітуге арналған багеттер мен гарпундар шығарып, аз уақыттың ішінде оларды облыстан тыс нарықтарға да сатып үлгерді.
Асылхан Қуанышев аспалы төбелерге арналған багеттер мен гарпундар шығаруды өткен жылдың наурызында бастады. Сол үшін өндіріске қажетті құрал-жабдықтар сатып алды, ғимарат жалдады. Ол бизнесті бастамас бұрын нарықта құрылыс материалдарының осы түріне сұраныс көп екеніне көз жеткізді. Кәсіпкердің сөзінше, еліміздің бірқатар өңірлерінде багет шығарушылар бар болғанымен, гарпун өндірісімен айналысушылар саусақпен санарлық екен. Цех 1 айда шамамен 100 км багет, 9 км гарпун дайындайды. Онда 9 адам 3 ауысыммен жұмыс істейді. Заманауи құрал-жабдықтардың арқасында өндіріс автоматтандырылған. Өнімдер отандық және ресейлік шикізаттан жасалады. Айта кету керек, кәсіпкер ресейлік ғалым Сергей Гавриловпен ынтымақтастық орнатқан, ол өнім рецептурасын жетілдіруге ғылыми тұрғыдан көмектеседі.
Соңғы бір жыл ішінде атқарған жұмыстың арқасында кәсіпкер дайындаған багеттер мен гарпундар тек Ақтөбе өңірінде емес, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау қалаларында сатылды. Кәсіпорын тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып отыр. Дегенмен, кәсіпкер өндірісті бұдан әрі де кеңейте бермек.
Айта кетейік, бұл бизнес Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының тікелей мұрындық болуымен ашылған еді. Қазір де Палата қызметкерлері оған облыстың индустриалды аймағынан жер телімін алуға көмектесіп жатыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: