«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің алғашқы бизнес-форумы

2017 жылғы 11 Мамыр
- Ақтөбе облысы
15628 просмотров

Ақтөбеде іскер әйелдер әкімшілік кедергілермен күрес және өз мүдделерін қорғау туралы талқылады

Бизнес форумды ресми түрде «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова ашты. Сондай-ақ, форумға облыс әкімі Қайрат Бекенов қатысты.

Бизнестегі табысы мен орын алған мәселелер турасында хабарлау үшін облыс орталығына өңірдегі 200-дей іскер әйелдердің жолы түсті. Олардың қатарында танымал іскер ханымдар да, өз ісін енді бастаған кәсіпкерлер де болды. Кәсіптерінің өнімдері арнайы көрмеге шығарылып, көпшілік назарына ұсынылды. Еліміздің батыс өңіріне кеңінен танылған тауарлар мен өңірдегі дүкендерде ғана сатылатын өнімдер қойылды. Форум қонақтарына тамашалауға ғана емес, көңілдерінен шыққан бұйымдарды сатып алуға да мүмкіндік жасалды.  

«Бүгінде қыз-келіншектер бизнес деген өте салмақты саланы сәтті игеріп келеді. Оның үстіне әйелдер кәсіпкерлігіндегі дәстүрлі қызмет түрлерін ғана қолға алып қоймады. Іскер әйелдер қатарында ерлердің жұмысы деп саналған бизнес түрін қолға алып жатқандары қаншама?! Ауыл шаруашылығында кәсіпкерлікпен айналысатын іскер әйелдердің көбі шақырылғаны қуантады. Бәрімізге белгілі, бизнесті сәтті жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Тек жұмыс істеп, тәжірибе алмасып, қиындықтарға тайсалмау керек. Біздің мақсатымыз – мыңдаған әйелдердің арманының орындалатынына көз жеткізу және гендерлік саясат шын мәнінде жұмыс істейтіндігін дәлелдеу», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі 2015 жылы құрылған. Әйелдер бизнес-қоғамдастығына тәжірибелік қолдау көрсету мен заңдық кеңес беру жұмыстарын тегін атқарып келеді.

«Бұл жерге жай ғана кеңес алып қана қоймай, біліктілікті игеруге де болады. Түрлі оқыту курстары, отбасы мен жұмысты қатар алып жүрген әйелдер үшін психологиялық жаттығулар өткізілді. Біз ісін енді бастаған бизнеске де, ісі жолға қойылған кәсіпкерге де бағыт береміз, бизнес-бастамаларға қолдау көрсетеміз. Кеңесте тәжірибелерімен бөлісіп отыратын 10-ға жуық іскер әйел бар. Іскер әйелдер кеңесінің белсенділері облыстағы аудандарда да жұмыс істейді», – дейді Ақтөбе облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күлбаршын Айдарханова.

Ақтөбе облысы Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен 2016 жылдың желтоқсанында «Ақтөбе облысының мейреамхана және қонақ үй бизнесінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі құрылған, сондай-ақ тігін шеберханалары мен ателье бірлестігін тіркеу мен рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қауымдастықтың көмегімен дуальді білім беру енгізіліп қана қоймай, сертификаттау, жұмысқа орналастыру мен біліктілікті көтеру, тәжірибеден өту және т.б. жүзеге асырылады. Кәсіби стандарттар мен оқу бағдарламаларын дайындау үшін салалық қауымдастықтарды тарту көзделіп отыр. Бірлестік Қазақстан қонақ үй және мейрамханашылар қауымдастығымен бірге Ақтөбе техникалық колледжінің студенттерін аттестаттаудан өткізді. Сондай-ақ, Ақтөбе облысы тігіншілері мен дизайнерлері қауымдастығын тіркеу жұмыстары қолға алынған.

Ақтөбелік келіншектердің жетістіктерін тек сөзбен ғана емес, цифрлық көрсеткіштермен де дәлелдеуге болады: жұмыс істеп тұрған 7164 кәсіпорынның 22,2% іскер ханымдар басқарады, ал жеке кәсіпкерлердің арасында 55,4% қыз-келіншектер, олардың басым көпшілігі сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы салаларында қызмет атқарады.

2017 жылдың 1 қаңтарында облыста 4982 ауыл шаруашылығы өндірушісі болса, оның ішінде 673 өндірісті әйелдер басқарып отыр. 4582 шаруа қожалығының 625-і мен 400 ЖШС әйелдердің қолында. Ерлермен қатар бизнес жүргізіп, жұмысты ұйымдастырып келеді.

«2016 жылдық қазан айында «Атамекен» ҰКП Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында «Бастау Бизнес» қанақтқақты жобасын іске қосты. 60 ауыл тұрғыны оқу курсын аяқтап, бизнес-жоспар жасады. Нәтижесінде 30,1 млн теңге сомасында 6 жоба қаржыландырылды, оның 5-еуі әйелдердің бастамасымен жүзеге асырылды. Қарыз ақшаның арқасында 2 жеке кәсіпкер Сұлушаш Қадырова мен Карина Ракишева шағын жылыжай, «Коно Пиццы» өндірісі мен кондитерлік юұйым («3 сестры» ЖШС – Әсемгүл Қайрақбаева, мен «Избанова Р.» ЖК) (Избанова Рая) ашуды жоспарласа, сондай-ақ медициналық қызмет көрсету саласына бағытталған бір жоба қаржыландырылды (МЕд Сервис А» - Ибрагимова Ақерке)», – деп мәлімет берді өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Жанайым Келбатырова.

Осы жылдың 17 сәуірінде «Атамекен» ҰКП Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдармасының аясында «Бастау Бизнес» жобасын іске қосты. Ақтөбе облысының Шалқар, Мәртөк, Мұғалжар, Темір, Ырғыз және Ойыл аудандарында оқылытып жатыр. Жобаның алғашқы кезеңінде 209 тұрғын қатысты, оның 120-сы әйелдер, яғни 59,0% құрайды. Жыл аяғына дейін 1125 адамды оқыту жоспарда бар, оның ішінде 225 адамның жобасы қаржыландырылуы керек.

Бұл мәліметтерді жергілікті әкімдік те растап отыр.

«Біздің қыз-келіншектеріміз өңірлік және республикалық деңгейде жақсы танылып келеді. Әйелдер кәсіпкерлігімен санасуға болатынын сеніммен айта аламыз. Қыз-келіншектердің ісін бастауға қолдау көрсетіп, дамытуына атсалысып отырған Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Керімқұлқызына зор алғыс айтамын. Бүгінде өңірдегі әрбір үшінші шағын және орта бизнес әйелдердің бастамасымен ашылып отыр», – деп атап өтті Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Форум барысында қатысушылар бизнесте орын алып отырған мәселелерді жан-жақты талқылады. Жан басын қаржыландыру, ауылдық жердегі кәсіпкті қаржыландыру, мектепке дейінгі мекемелерді бизнестің басқаруына беру секілді көптеген мәселелер қамтылды. Көтерілген мәселелер негізінде Кеңестің алдағы жұмысы бағыты анықталды. Ал облыс әкімінің орынбасары айтылған ұсыныстардың барлығы назарға алынғанын, қарастырылып, шешу жолдары анықталатынын атап өтті.

Бизнес-форумда өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына үлес қосқан іскер әйелдер алғыс хатпен марапатталды. Олардың қатарында «Ақтөбе стартап» байқауының жеңімпазы Ембіден шыққан Дания Рысқұлова бар. Ол омарташылықпен айналысады. Бүгінде жеке кәсібін отбасылық бизнеске айналдырған. Істері табысты, жылына 300-400 кг бал алып отыр.

«Форум маңызы жоғары. Бұл іскер әйелдер үшін пікір алмасу алаңы, осында мәселелер көтеріп, ұсыныстар беріп, дамудың бағыттары айқындалады. Жас кәсіпкерлерді ынталандырады. Табысты кәсіпкермен таныса отырып, өзім де сол деңгейге жетуге, айтарлықтай нәтиже шығаруға мақсат қоямын ғой», – дейді Дания Рысқұлова.

Форум қорытындысында Ақтөбе облысы әкімдігі мен Ұлттық Палата Іскер әйелдер кеңесі әйелдер бизнесін қолдау, өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

Сонымен қатар, «Бизнес-ледиге арналған лайфхак» тақырыбында тренинг пен панельдік секция отырысы ұйымдастырылды. Мәдени бағдарлама аясында ақын Ирина Астахованың поэзиялық кеші өткізілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер