«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздігінде жемқорлық қаупі неліктен жоғары?

2017 жылғы 08 Тамыз
4461 просмотров

«100 қадам» Ұлт жоспарының 13-қадамын іске асыру өз тиімділігін көрсетіп келеді

 «Атамекен» алаңында Ұлттық палата және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұйымдастыруымен өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларындағы сыбайлас жемқорлықтың қатерлері тақырыбына арналған жиын өтті.

Жиынға салалық министрліктер, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, Ұлттық палата өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты. Сырт көзбен қарағанда өрт қауіпсіздігінде қандай сыбайлас жемқорлық белгілері орын алуы мүмкін? Ал өнеркәсіптік қауіпсіздік ше? Оған кәсіпкерлердің қатысты қандай?

Жиын модераторы «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсіновтың айтуынша, бұл саладағы сыбайлас жемқорлықтың қатерлері біріншіден өрт қауіпсіздігін қадағалайтын тексеруші орган тарапынан орын алады. Өйткені тексеру процедуралары тым күрделі. Мәселен, жаңа сауда немесе қызмет көрсету нысанын салған кәсіпкер біріншіден өрт қауіпсіздігі шараларын жасап, өртке қарсы жабдықтарды орнатады. Өрт қауіпсіздігі қызметінің рұқсатын алу үшін талай табалдырық тоздыру керек. Үдерісті тездету мақсатында пара беру қатері бар. Ал заң мен тәртіпті бұзғысы келмейтін кәсіпкерді пара беруге мемлекеттік орган қызметкерлері өздері мәжбүрлейді: өрт қауіпсіздігі шаралары дұрыс емес кәсіпорындарға үлкен айыппұлдар жазылады.

«Күн тәртібіндегі екі салада басқа салалармен салыстырғанда рұқсат беру функциялар көп. Сондықтан осы саладағы сыбайлас жемқорлық қатерлеріне талдау жасау қажет», – деді Рустам Жүрсінов.

Айта кетелік, бизнеске қатысы бар 16 салада сыбайлас жемқорлықты анықтау бойынша Мемлекеттік істер жөніндегі агенттік пен Ұлттық палата арасында Келісімге қол қойылған болатын. Әр өңірде жүргізілген қоғамдық мониторинг талдауына сүйенсек, сыбайлас жемқорлық құжат рәсімдеу, қызметкерлерді атестаттаудан өткізу, рұқсат қағаздарын беру жұмыстарында кездеседі. Сыбайлас жемқорлық қатерлері сараптау институты талдауы бойынша 2016 жылмен салыстырғанда өрт қауіпсіздігі саласында сыбайлас жемқорлық фактілері төмендеген. 2016 жылы 16 қылмыстық іс қозғалса, 2017 жылдың екі тоқсанына сәйкес үш-ақ іс тіркелген.

 

«Өрт қауіпсіздігіндегі мәселелерге бір жақты қарамау керек. Көп жағдайда өрт салдарына тұрғындар өздері кінәлі болып жатады. Адамдар үйлерінің балкондарында шылым шегеді, дұрыс өшпеген темекі тұқылы көрші балконға түсуі мүмкін, тіпті балконда кәуап пісіретіндер де бар», – деді Сыртқы мониторинг тобының жетекшісі Нұрлан Ерімбетов.

Өз кезегінде Ғалым Байтұқ көшедегі заңсыз сауда жайын көтерді. «Астаналық ірі сауда орны «Алаш» базарында заңсыз, сауда орындары ашылған, саудагерлер жоғары кернеулі бағандар астында тауарын сатып, тауар тиелген камаздар тізбектеліп тұр. Мұны кім бақылап жатыр?», – деп мемлекеттік органдар қызметкерлерін жауапты болуға шақырды.

 Шара барысында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы сыбайлас жемқорлық қатерлері талқыға салынды.

Шара қорытындысы бойынша Агенттік 37 ұсыным жасап, оның 68%-ы сыбайлас жемқорлық қатерлерін жоюға бағытталған, ал қалған 32% ұйымдастыру-басқару қызметіне қатысты. Жалпы Агенттіктің өңірлік департаменттері мен Өңірлік кәсіпкерлер палаталары атқарған жұмысты саралай келе уәкілетті орган енгізілген ұсынымдардың орындалуын 6 ай бойы қадағалайтын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер