«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Палатаның оқу орталықтары ауыл тұрғындарына білім беруге дайын

2018 жылғы 05 Ақпан
- Ақтөбе облысы
6215 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы оқу орталықтарының басшылары мен облыс әкімдігі өкілдерінің кездесуін ұйымдастырды. Жиында жыл қорытындысы шығарылып, 2018 жылы жобаны жүзеге асырудың механизмдерін талқылады. Бизнестің пікірі тыңдалып, бірқатар ұсыныстары қолдау тапты.

Жиынға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Қайрат Отаров, оқу орталықтарының басшылары қатысты.

Кәсіпорындар жанынан құрылған Оқу орталықтарында жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімде оқытудың қорытындысы шығарылып, бастапқы тәжірибе негізінде аталған механизмді жүзеге асыруды жетілдіруге қатысты ұсыныстар дайындалды. Өңірлік палата бастама жасады, себебі аталған орталықтар Палатаның ықпалымен ашылып, «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары реестріне енген.

«2017 жылдың екінші жартысынан «Атамекен» ҚР ҰКП оқу орталықтары реестріне жұмыс берушілердің жанынан құрылған оқу орталықтарын тіркеу жұмысы басталды. Бүгінде 5 оқу орталығы тіркелді, 4 орталық 209 адамды оқытты. Курс қорытындысы бойынша жұмыссыздардың жартысынан көбі жұмысқа орналастырылды», – деп хабарлады Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов.

Оқу орталықтарының басшылары бизнестің қажеттілігіне қарай маман дайындалып, мемлекеттен қаржылай олдау тауып отырған жобаның бірегейлігін атап өтті.

Облыста «Ақтөбе облысы мейрамхана және қонақ үй бизнесі қауымдастығы» ҚБ жанындағы «Дамыту» ОО (аспаз, мейрамхана әкімшісі, аспаз көмекшісі), «МК Корпорация» ЖШС жанындағы «Taksim Food Academy» ОО (аспаз, әкімші, даяшы, бармен, кассир), «Азайа» ЖШС жанындағы оқу орталығы (тігінші, пішуші), «Сервис К» ЖШС оқу орталығы (электр газ дәнекерлеушілер) жұмыс істейді. Сондай-ақ «Энергетика, энергия үнемдеу, аудит және стандарттауды дамытудың ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС жанындағы «Энергетик» оқу орталығы 2017 жылдың аяғында тіркелді, ал негізгі жобаға биылдан бастап қатысады.

Оқу барысында білім алушыларға стипендия беріледі. Оқу орталығының шығыны да төленеді. Жүзеге асыру механизмін жетілдіру мен жобаның тиімділігін арттыру мақсатында Оқу орталықтарының басшылары әкімдік пен жетекшілік ететін басқармаларға ұсыныстар берді.

1. Оқу орталығының шығынын есепке ала отырып қандайда бір мамандыққа оқытудың қаржыландыруын саралауды қарастыру;

2. Қала тұрғындарын оқытумен шектелмеу, ауыл тұрғындарына да білім беруді, білім алуға қатынау, жол ақысы мен тұратын орынның шығынын өтеуді қарастыру;

3. Топты жинақтағанда білім алушылың қай мамандыққа икемі мен қызығушылығы бар екенін анықтау мақсатында тестілеу өткізу немесе әңгімелесу.

Сонымен қатар «Азайа» оқы орталығының басшысы Айнұр Бақтығалиева түлектерді жұмысқа ала отырып, екі тігін цехы ашылғанын айтты.

«Тігіншілерге арнайы орын мен жабдықты иеленуге/жалға алу үшін грант алуға көмектесулеріңізді сұраймын. Әзірге тігіншілерге фабрикадан бос орын беріп, тапсырыспен қамтамасыз етіп отырмын», – деп өтініш жасады оқу орталығының басшысы.

Барлық ұсыныстар мен кеңестерді әкімдік өкілдері тыңдап, қолдады. Енді палата аз уақыт ішінде оқу орталықтарының шығынын есептеу отырып мамандық бойынша қаржы бөлуді дайындау және жұмыс тәртібінде 2018 жылға Оқу орталығының базасында қысқа мерзімде жүзеге асыру механизмдерін бекітеді.

«Біз бұл оқу орталықтарына мүдделіміз. 2017 жылдың қорытындысы бойынша 72,3% жұмысқа орналасқан. Бұл жақсы көрсеткіш! Сондықтан барлық ұсынысты бірігіп қарауға тырысамыз. Осы жылға аталған жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік бағдарлама аясында 14 млн теңге бөлінді. Былтыр 12 млн теңге бөлінген еді», – деп хабарлады Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Қайрат Отаров.

Өз кезегінде Өңірлік палата еңбек нарығының қажетті мамандарды оқыту үшін кәсіпорындар жанынан оқу орталығын ашу жұмысын жалғастырады. Қызығушылық танытқан тұлғалар Өңірлік кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөліміне хабарласа алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер