«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Ақтөбе облысындағы таңғаларлық 25 жер» акциясы мәресіне жетті

2018 жылғы 06 Наурыз
- Ақтөбе облысы
5838 просмотров

Ақтөбе өңірлік Кәсіпкерлер палатасының алаңында «Ақтөбе облысындағы таңғаларлық 25 жер» акциясы қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды

Шара «Ақтөбе облысы туристік компаниялар қауымдастығымен» және жергілікті сүт өндіруші «Агрофирма Тау» ЖШС-нің «Milky Land» брендімен бірігіп өткізілген болатын. Акцияға қатысу үшін әлеуметтік желі қолданушыларынан 50-ге тарта өтініш түскен.

«Көбіміз өңірімізде қандай мәдени мұралардың барынан, біз тұрған үйде кімдердің тұрғанындығын, ғимараттардың жанында тұрған ескерткіштің тарихынан бейхабармыз. Оған аса мән бермейміз десе де болады. Туған өлкеміздің тарихи орындарын насихаттау мақсатында осы байқауды ұйымдастыруды ұйғардық. Бұл ұсынысымызды жергілікті «Агрофирма Тау» ЖШС-нің басшылығы қуана қабыл алды», -дейді байқаудың ұйымдастырушы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Жобаларды қолдау және экономикалық талдау» бөлімінің сарапшысы Гүлмира Казмұқанбетова.

Байқаудың шарттары бойынша, кәсіпкерлік палатасының әлеуметтік instagram парақшасына таңдап алған нысан туралы фото немесе бейне-материалды жариялап, ол туралы шағын әңгіме жазу керек болатын.

Жарияланған ақпараттардың ішінде Ақтөбе облысының табиғаты тамаша көрікті жерлері,  өңіріміздің түкпір-түкпірінде орналасқан тарихи ескерткіштер, 100 жылдан аса тарихы бар мешіт, соборлар мен көне жәдігерлер, ескі ғимараттар туралы көптеген мәліметтер кездесті.

Солардың арасынан ұйымдастырушылар Қобда жеріндегі Қобыланды батырдың мемориалдық кешені мен Абат Байтақ кесенесі туралы иллюстрациялық материалдар мен толыққанды мәліметтерімен бөліскен Ақшолпан Нұрханқызы, Темір ауданындағы ескі мешіттің    таныстырған Серікбай Нұрберік, Қарғалы ауданының әсем де шұрайлы жері - Қасқырлы сарқырама туралы ақпарат берген Шара Тасболатованы, Ырғыз-Торғай резерватын таныстырған Баян Әбдінәбиқызының ақпараттарын  ерекше деп таныды.

Жарияланымдардың ішінде Ақтөбе қаласы Тұрғындар қалашығындағы алаңындағы Чернобыль апатынан зардап шеккендерге қойылған ескерткіш-белгі көпшіліктің назарына ілігіп, желі қолданышулары тарапынан қызу қолдау тапты. Байқауға жолдаған бейне-материалында: «Менің үйімнің жанында орналасқан атомды ұстап тұрған екі алақан бейнесіндегі ескерткіш Чернобыль қаласындағы мыңдаған адамның өмірін қиған ең ірі апат туралы хабардар етеді. Бұл апаттың зардабын жоюға 32 мың қазақстандық қатысқан.Олардың ішінде екі мыңға жуық ақтөбелік болды. Біз жерлестеріміздің бұл ерліктерін ешқашан ұмытпауға тиіспіз», -дейді байқаудың ең жас қатысушысы, бес жасар ақтөбелік Кира Химич.

Ерекше деп танылған үздік қатысушылар «Milky Land» сүт зауытының өнімдері және ескерткіш сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, байқау комиссиясы Мәртөк мұражайының және № 1 Басқарушы компанияның қызметкелеріне акцияға атсалысқандары үшін алғыс білдіріп,  байқаудан тыс  сыйлықтарын табыс етті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер