«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Құндылықтар философиясы

2018 жылғы 15 Наурыз
- Ақтөбе облысы
4829 просмотров

Табысты болудың сыры неде? Өз кәсібіңді қалай ашуға болады? Шебер ұйымдастырушы деген кім? Кәсіпкерлікте жеке принциптерден айнымау қаншалықты маңызды? Мектеп оқушылары осы және басқа да өздерін қызықтырған сауалдарға Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасында өткізілген кездесуде жауап алды

Биылғы оқу жылынан бастап, «Атамекен» ҰКП бастамасымен пилоттық режимде Ақтөбе қаласындағы  №20 орта мектептің 10 сынып оқушыларына арналған «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» атты арнайы пән енгізілген болатын. Кәсіпкерлер палатасы аталмыш пән мұғалімі мен оқушыларды әдістемелік құралдар және оқулықтармен қамтамасыз етіп келеді. Сондай-ақ, палата оқушылардың кәсіпкерлік туралы білімдерін сыныпта отырып емес, кәсіпкерлік объектілерінде, өндіріс ортасына барып, үйренулеріне ықпал жасауды жалғастыруда. Ұйымдастырушылар кездесулерге бизнестерін сәтті жүргізіп отырған кәсіпкерлерді шақырып, олардың табысқа жету жолдарымен таныстыру арқылы оқушыларға шабыт бермек. Осы мақсатта аталмыш сыныптың 20 оқушысына қаламыздағы ірі тігін цехы – «Азайа» ЖШС басшысы Айнұр Бақтығалиевамен сұхбат ұйымдастырылды.

«Азайа» - өңірімізде 2004 жылдан бастап жеңіл өнеркәсіппен айналысып отырған ірі тігін цехы. Алғашында шағын тігін өнімдерін шығарған өнеркәсіп бірте - бірте ұлғайып, бүгінде ірі компаниялардың тапсырысымен арнайы киімдер тігеді. Бүгінгі кездесуде осы тігін цехының басшысы Айнұр Бақтығалиева аталмыш цех жұмысының табысты жүргізу әдістерімен бөлісті. Дәріс «Құндылықтар философиясы» деп аталды және бизнесті өз қажеттілігіңді өтеумен қатар, елге қызмет етумен ұштастырудың маңыздылығы туралы айтылды. Сондай-ақ, оқушылар бизнес жүргізудің жапондық кайдзен әдісімен танысты.

«Кәсіпкерлік басқа да мамандықтар секілді терең білім мен жан-жақтылықты, тынымсыз еңбекті қажет етеді. Мақсаттарды дұрыс қоя білудің маңызы зор, сонымен қатар оған бірден жету мүмкін емес. Кішкентай қадамдармен-ақ, үлкен жетістіктерге жетуге болады, яғни бизнесте шапшаңдықпен қатар жүйелілік те қажет. Қиындықтан қорықпай, табандылық танытқан адам ғана бизнесте жеңіске жетеді. Сондай-ақ, бүгінгі күні кәсіпкер болам деген адамға мүмкіндік көп. Мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуде, бұл мүмкіншілікті пайдаланған дұрыс»,-деді оқушыларға баяндамашы.  

Кездесуден кейін оқушылар тігін цехын аралап көрді. Онда  олар киімнің қағаз бетіне түсірілген жобасынан бастап, тігін жұмысы кезіндегі барлық технологиялық процестерді көздерімен көрді. Сонымен қатар, тігін цехы жанындағы оқу орталығының жұмысымен де танысты.

 Мұндай шараларға жиі қатысып, тәжірибе алмасу – оқушылар үшін кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндік берері сөзсіз. Кәсіпкерлер палатасы оқушылардың арасынан кәсіпкерлердің жаңа буыны шығатынына сенім білдіруде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер