«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Көңілге қуаныш сыйлау қиын емес

2018 жылғы 20 Наурыз
- Ақтөбе облысы
7155 просмотров

Ақтөбе жастары инстаграмм желісі арқылы мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету мақсатында #флешмобдобрыхдел хештегімен өзара жақсылық жасап жарысуды ұйғарыпты. Аталмыш бастамаға қаламыздағы жас кәсіпкерлермен қатар бизнес өкілдері де атсалысуда

Солардың бірі «Turk Evi» қазақ-түрік жиһаз компаниясының басшылығы Наурыз мерекесіне орай «Аналар үйінің» тұрғындарына арнап балалардың жатын бөлмесіне арналған жиһаз тарту етті.

«Біз Наурыз мерекесіндегі осы тектес қайырымдылық шараларға қатысу арқылы мұқтаж жандарға қол ұшын бермекпіз. Мұндай шаралар мерекедегі қуанышты көңіл күйді еселейді деп ойлаймын. Бүгінгі күні кәсіпкерлікпен тек өз қамың ғана емес, жақыныңа жәрдем беру үшін, айналаңа мейрім сыйлау үшін де айналысу үрдісі қалыптасып келеді. Бұл тұрғыда «Атамекен» ҰКП бастамасымен жүзеге асырылып отырған «Атамекенім» акциясы әлеуметтік-жауапкершілік негізінде жұмыс жасап отырған кәсіпкерлерге жаңа серпін беруде»,-дейді «Turk Evi» СҮ өкілі Данияр Сартбаев.

Наурыз мерекесіне орай кәсіпкерлер қайырымдылық шараларын жиі өткізіп тұрады. Қоғамымызда осы мейрамның мәнін терең ұғынып, өмірдің қиын кезеңдерін басынан кешіріп жатқан мұқтаж жандарға қол ұшын созуды парыз санайтын қайырымды жандардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Осындай игі шараларды аталмыш дүкеннің басшысы Алла Есеналина талай мәрте өткізіп жүр. Бүгінгі шараға үйде отырып, тігін тігетін Гүлнар Мұқатова да өз үлесін қоспақ екен. Ол «Turk Evi» компаниясы сыйлаған балалар керуетіне арналған төсек-орындарын сыйға әкеліпті.

«Мен осындай қайырымдылық акцияларына аз болса да үлесімді қосып, қатысып тұруға тырысамын. Өзімнің де кішкентай балам болғандықтан жас аналарды жақсы түсінемін. Қазір оларға көп нәрсе керек. Оларға ең болмаса, жылы сөзімізбен болса да демеу болсақ деймін», -дейді жас кәсіпкер Гүлнар.

«Аналар үйінің» үйлестірушісі Таңсұлу Лакованың айтуынша, бұл жас аналар үшін жасалған керемет сыйлық болғалы тұр. «Turk Evi»  компаниясы былтыр да жас аналарға арнап дәл осы жиһаз топтамасынан балаларды құндақтауға арналған үстелді тарту етіпті.  Жақында егіз балалардың анасы атанғалы отырған Әйгерім есімді келіншек осы жиһаздарды уақытша пайдаланатын болады. Ол шараны ұйымдастырған «Turk Evi» қазақ-түрік жиһаз компаниясының қызметкерлеріне Аналар үйінің тұрғындары атынан алғысын айтты.

«Қазақстанның болашағына, балаларға деп жасап жатқан жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеніп қайтсын. Наурыз мерекесіндегі осындай шаралар көңілге қуаныш сыйлап, болашаққа сенім ұялатады екен», -десті «Аналар үйінің» тұрғындары.

Наурыз -  өзара келісім, түсінісу, қайырымдылық айы. Қаламыздағы жеке тұлғалар мен қоғамдық ұйымдар осындай қайырымдылық шараларын өткізу арқылы мерекенің мерейін асырып жүр. Халқымыздың ежелден келе жатқан наным-сенімі бойынша, Наурыз мерекесінде жасалған игі істердің сауабы да мол болмақ.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер