«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбелік кәсіпкерлер «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына қатысуға дайындалып жатыр

2018 жылғы 25 Мамыр
- Ақтөбе облысы
3988 просмотров

Бүгін ақтөбелік кәсіпкерлер Өңірлік палата алаңында өткізілген «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының шарттарымен таныстыруға арналған оқу семинарына қатысты.

 Дайындық сабақтарын «Атамекен» ҰКП шағын және орта бизнесті дамыту департаментінің сарапшысы Мәдина Мұқатова мен «Интерсерт Консалтинг Центр Азия» ЖШС сапа менеджменті бойынша сарапшы-аудитор Виктор Ким өткізді. Олар байқауға материалдарды дайындау, компаниялардың өзін-өзі бағалау әдістемесі, «мүмкіндіктер» мен «нәтижелер» туралы жан-жақты ақпарат берді.

Конкурсты өткізу тәртібінде биыл бірқатар өзгерістер енгізілген. Бұрын конкурстар үш номинацияда, үш санатта өткізілген болса, биыл қосымша «Тағам өнімдерін және/немесе ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы қосылды. Сонымен қатар, өңірлік кәсіпорындарды сол жерге барып, зерттеу жүзеге асырылады, нәтижесінде жүлдегерлер еліміздің барлық аймақтарынан анықталатын болады.

Семинарға қатысқан Мұғалжар ауданының кәсіпкері Утебаева Бақытгүл 20 жылдан бері қыздардың жасауына арналған көрпе-жастық, жатын бөлмеге арналған жабындар тігумен айналысып келеді. Биыл ол «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіне нәрестелерге арналған киім-кешек топтамасын ұсынбақ.

«Мұндай байқаулар біздің тек ауыл-аймақ шеңберінде қалып кетпей, тауарларымызды республикалық деңгейге шығаруымызға септігін тигізеді әрі тиімді байланыстар орнатуға мүмкіндік бар. Мысалы, біз бұған дейін шетел маталарын пайдаланып келсек, республикалық байқауда отандық мата өндірушілердің жұмыстарымен танысып, олармен іскерлік байланыс орната аламыз деп сенемін»,–дейді шебер тігінші.

ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсына өз тауарларын ұсынғысы келетін биылғы үміткерлердің ішінде шағын және орта бизнес өкілдерімен қатар, ірі кәсіпкерлік субъектілері де кездеседі. Айталық, Mial.kz заманауи полиуретаннан әзірленген материалдар шығаратын батыс қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. Полиуретан әуе, темір жол, мұнай және газ, тау-кен, автомобиль өнеркәсібінде пайдаланылатын резеңке, каучук, пластик, металлды алмастыра алатын қасиетке ие. Мұндай материалдар басқаларына қарағанда атмосфералық өзгерістерге ұзақ шыдайды, су, зең өткізбейді. Бұл – болашақтың құралы деп есептейді өндірушілер.

«Доммой» фабрикасының иесі Ілияс Дүйсембеков бөлмеаралық есіктер жасайды. Қала базарларында есіктердің кең таңдауы болғанымен, жеке тапсырыспен, стандартқа сай емес етіп жасалған есіктерге сұраныс жоғары дейді ол. Қарамағында 40-қа жуық маман қызмет етеді, айына мыңнан аса тауар шығарады. Ол «Алтын сапа» конкурсына ерекше оюланған жоғары сапамен жасалған есіктерді апарады.

Семинарға қатысушылардың арасында тұрмыстық химия өндірісімен айналысатын «EASY» тауар белгісі, «Алмаз» бөтелкелік суларын шығаратын «Сантехтрейд» ЖШС және тіркеме техникасын шығаратын ''ПП Технодом-СТ KZ'', сонымен қатар, таңқурай өсіретін,  сүт өнімдерін, тәтті тоқаш пісіретін ақтөбелік компаниялардың өкілдері болды. Олардың барлығы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына және «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіне қатысуға ниетті.  Семинар қорытындысы бойынша қатысушылардың барлығына тиісті сертификаттар берілді. 

Ақтөбеде «Қазақстанның үздік тауары» байқауының аймақтық кезеңі шілде айының үшінші жартысында өтеді. Астанадағы республикалық байқауға «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын», «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Қызметтер көрсететін үздік кәсіпорын» номинациялары бойынша 9 жеңімпаз қатысады.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына және «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіне қатысуға ниет білдіргендер өтініштер мен материалдарын 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін Өңірлік кәсіпкерлер палаталарына немесе электронды түрде www.altynsapa.kz сайтына жіберулері керек.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер