«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Аға сеньорлар» Ақтөбеде

2018 жылғы 11 Маусым
- Ақтөбе облысы
5555 просмотров

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бизнесті дамытуға ықпал ететін оқуларының келесі бағыты – «Аға сеньорлар» деп аталады.

Бұл жоба бойынша кәсіпкерлер өз компанияларына тәжірибе алмасу мақсатында шетелдік мамандарды шақыра алады. Жұмыс саласында жетістікке жеткен халықаралық сарапшыларды кәсіпкерлер палатасы таңдайды. Бұл жолы палатаның шақыртуымен Ақтөбеге Түрік елінен ағылшын тілі маманы – Гызылгюль Валибакова келді. Бүгін кәсіпкерлер палатасы алаңында шетелдік маман, ӨКП және «Смартум» интеллектуалды дамыту орталығы «Аға сеньорлар» жобасы бойынша үш жақты келісімге қол қойды.

Гызылгюль – алты бірдей тілді жетік біледі, кәсіпкерліктің қыр-сырын жақсы меңгерген, білікті маман. Ол қаламыздағы оқу орталығының қызметкерлеріне сабақ беруге «Атамекен» ҰКП арнайы шақыртуымен келген.

«Еңбек нарығында шет тілін білетін мамандарға сұраныс жоғары. Мен оқушыларымның ағылшын тілін жетік білуіне жағдай жасауға тырысамын. Бұрын да шетелден мамандар шықыртып тұратынмын. Бұл жолы кәсіпкерлер палатасының ұсынысын қолданғаныма еш өкінбеймін. Мұндай оқулар барлық жағынан тиімді»,-дейді «Смартум» орталығының басшысы Диана Дарбаева.

Бұл жоба «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бастамасымен «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында 2016 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жоба жергілікті кәсіпкерлерге шетелдік білікті мамандардың көмегімен басқарудың жаңа әдістерін меңгеруге, өндіріс жаңалықтарын енгізуге, қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Шетел сарапшыларының жол шығынын мемлекет төлейді, ал олардың Қазақстанда жүріп-тұруына қажетті қаржыны кәсіпкер көтеруі тиіс.

«Смартум» орталығы «Аға сеньорлар» жобасына қатысу үшін арнайы іріктеуден өтті. Сонымен қатар, компания кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау шараларына үнемі қатысып отырады. Бұл жерде екі жақ та ұтылмайды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы халықаралық деңгейдегі білікті деген мамандарды таңдап алады. Сондай-ақ, кәсіпкерлер шетелдік мамандардар арқылы өзге елдің бизнес өкілдерімен байланыс орнатуға мүмкіндіктері бар»,-дейді Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бизнес жаттықтырушысы Бекжан Асаухан.

Шетелдік маман Ақтөбеде бір апта болады деп күтілуде. Ол «Смартум» балаларды дамыту орталығында шеберлік сабақтарын өткізеді. Оқытушыларға ағылшын тілін оқытудың заманауи әдістерін үйретсе, оқушыларға ағылшынша еркін сөйлеуді меңгеруге зор мүмкіндік туып тұр.

«Менің сабақтарымның ерекшелігі сол біз тек ағылшын тілінде сөйлейтін боламыз. Кез келген тіл тілдік ортада дамиды. Сабақ ойын түрінде жүретіндіктен оқушылардың қызығушылығын туғызады деп ойлаймын. Сондай-ақ, қажеттілікке қарай оқу орталығын дамыту туралы да кеңестер беремін», -дейді Гызылгюль Валибакова.

Бизнес саласында кәсіби шеберлігін шыңдағысы келетін және іскерлік байланыстарын нығайтамын деген кәсіпкерлер Өңірлік кәсіпкерлер палатасына хабарласып, толық ақпарат ала алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер