«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Іскерлік байланыс» бағдарламасы ақтөбелік кәсіпкердің көзқарасын өзгертті

2018 жылғы 12 Маусым
- Ақтөбе облысы
5671 просмотров

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Германияда кәсіпкерлерге арналған тағылымнама өтті

Ақтөбе облысының тұрғыны Нұрсұлтан Тілеубай Германияда тағылымнамада өткен. Жол бойындағы кешеннің иесі «Іскерлік байланыс» жобасына қатыса отырып, арнайы оқудан өтіп, отандық кәсіпкерлермен бірлесіп, биыл сәуір айында Дрезден қаласына барды. Мемлекеттің есебінен іскерлік байланыс орнату үшін «NBL» білім беру орталығында бір айлық тағылымнамадан өтті.

«Тағылымнама жақсы ұйымдастырылған, сервис те жоғары деңгейде. Сол жерде өткізген әрбір сағат – жаңа білім, тәжірибе мен машық. Қатардағы өндіріс орындарымен қатар, енді іске қосылған кәсіпорындарға да бардық. Дәл менің бизнесіммен ұқсас жерлерге бара алмадық. Бірақ минералды су шығарудың технологиялық процесімен танысқаныма таңдандым. Ірі көлемде өнім өндіретін кәсіпорында бар болғаны 4 адам жұмыс істейді. Барлығы автоматтандырылған. Тың идеяны жедел жүзеге асырғым келеді, оны қалай жасау керектігін білемін. Отандық бизнеске берілген мүмкіндік үшін Кәсіпкерлер палатасына алғыс айтамын», – дейді Нұрсұлтан.

Ойластырған жобасы туралы егжей-тегжейлі ашып айтпағанымен, Нұрсұлтан жол бойында қызмет көрсету саласындағы бизнесін кеңейтуге ниетті. Оның әкесі Мәртөк ауданының тасжолында кәсіпкерлік әлеуетті көтеруге болатынын білді әрі қателеспеді. Қарапайым асханадан бастап, «Нұр» кешеніне дейін үлкейді. Енді бұл тасжолы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомагистралінің деңгейінде. Жол бойындағы бизнеске қойылатын талап та өзгерген.

«Мұнай саласында жұмыс істедім. Ата-анам егде тартты. Бәрін өз қолыма алғым келді. 20 жасымнан бизнеске араластым. Субсидия есебінен бірінші рет кәсіпті ұлғайттық, бірнеше ғимарат салғанымыз есімізде. Қазіргі таңда ауқымды кешенге айналды – 55 жүк көлігі қоятын автотұрақ, монша, кір жуатын орын, қонақ үй, асхана, дүкен, техникалық байқау бекеті дәнекерлеу және токарьлық қызмет көрсететін цех та жұмыс істейді», – деді кәсіпкер.

Автокөлік айдаушылар, алыс жолға жүк тасымалдаушылар мен саяхатшылар пайдалантын осы салада бәсекелестік танытып, қызмет көсрету нарығындағы деңгейді түсірмеу – кәсіпкердің міндеті.

Жоғары сервис пен сауатты менеджменттің есебінен көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Бүгінде кешенде 15 адам жұмыс істейді. Барлығы да осы жердің тұрғыны.

«Іскерлік байланыс» жобасы туралы білген соң өтінім бердім. Еш өкінбедім. Отандық және шетелдік білікті бизнес-тренерлер дәріс оқыды. Пайдалы да қажетті ақпарат алдым. Оқу арқылы жаңа серіктестермен танысуға мүмкіндік бар. Қызметті басқару тренингінде ұжым не істеп жүргенін, не үшін атқарып жатқанын түсінуі керек. Осыдан кейін ұжымдағы қызметкерлерге компанияның рөлін түсіндіріп, олардың қандай пайда келтіретінін айттым. Әрбір жұмысшыға марканы ұстап тұру міндетіміз екенін білдіріп отырамын. Клиент жақсы әсерде, демалып, дәмді тамақтанып қана кетпей, осы жердің бір бөлшегін көңіліне сақтауы керек. Ғимаратты ұлттық нақышта безендіру үшін арнайы дизайнерлерді де жалдадым», – дейді Нұрсұлтан.

Бұл өзгерістің барлығы да Германиядан оралған соң басталған. Бүгінде кешен аумағында кемпинг алаңын кеңейткен соң, абаттандыру жұмысы аяқталып келеді. Асханада жабдық тұтастай жаңартылды. Алда жүк көліктеріне арналған жылыту блогының құрылысы тұр. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сүйемелдеу көмегіне жүгінбек.

Палата қызметкерлері де өзгерістерді байқап отыр.

«Іскерлік байланыс» жобасының басты мақсаты – кәсіпкерлерге өндірісін жаңғырытып, кеңейтуге көмек беру. Бұл үшін қалай болғанда да отандық және шетелдік кәсіпкерлермен іскерлік байланыс орнату керек. Шетелде тағылымнамадан өту сапарларының пайдасы мол. Даму үшін нәтижесін салыстырып отыру керек», – дейді бизнес-тренер Бекжан Асаухан.

«Іскерлік байланыс» бағдарламасы бойынша оқыту 2 кезеңнен тұрады. Біріншісі – қатысушылар Қазақстанның бір қаласында үш апта тренингтен өтеді, одан кейін бизнес-идеясын қорғайтын байқауға қатысады. Бірінші кезеңнен сәтті өткендер шет елге бір айға тағылымнамадан өтуге барады.

Шет елде тағылымнама кәсіпорындарда өтеді. Бұл білім мен тәжірибені кәсіпкердің бизнесіне енгізуіне, іскерлік байланыс орнатуға, қажетті жабдық алуға мүмкіндік береді. Қазақстан кәсіпкерлері бизнес тілінде келіссөз жүргізуді, бизнес этикасының, менеджмент пен мәдениетаралық менеджменттің ережелерін меңгеруді үйренеді. Кәсіпкерлер осы жобаға қатысу үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасына хабарласа алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер