Жер қойнауын пайдаланушы компанияларға өнеркәсіптік тур өткізілді
Зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанда сырттан әкелетін тауарларды тұтыну әлі де азаяр емес. Бұл, әсіресе, экономиканың өзегі саналатын өндіріс саласында айқын көрінеді.
Өңірде өнеркәсіп орындары көптеп ашылғанымен, үлкен кәсіпорындардағы қазақстандық мазмұн көрсеткіші айтарлықтай артпай отыр. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары бұған кәсіпорындардың өзара байланысының жоқтығы себеп болуы мүмкін деп есептейді. Осы мақсатта Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе облысының әкімдігімен бірігіп, жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен өндіріс орындарына тур өткізді. Бұл шара компаниялар арасындағы байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және отандық өнімдерді кеңінен танытуға бағытталған.
Компания басшылары барған алғашқы өндіріс орны «Ақтөбе мелталл құрастыру зауыты»ЖШС болды. Кәсіпорында өнеркәсіпке, құрылыс саласына және күнделікті тұрмысқа қажетті металл құрылғыларын шығаратын жоғарғы технологиялық, заманауи парк жұмыс жасайды. Сондай-ақ, ЖШС тапсырыс берушінің қалауымен стандартқа сай келмейтін металл құрылғыларын, сэндвич-жинақтама, модульдік шығыр өндіреді.
Келесі кәсіпорын «Эко Экспресс Ақтөбе» ЖШС мұнай жылытуға арналған құбырлы пештер, мұнай және газ сепараторлары, бу генераторлары, арқалық кран, вагон шығарады. Келушілер 6000 шаршы метр көлемді алып жатқан цех жұмысымен танысты. Компания өнімдері халықаралық, отандық сапа менджменті сертификатын иеленген.
Сонан соң, тур қатысушылары «Epsilon group» ЖШС базасына барды. Кәсіпорынның Ақтөбеде өнеркәсіптік, тұрмыстық химия өндірісін бастағанына 5 жыл толды. Компания осы уақыт аралығында отандық нарықтан өз орнын айқындай алды, бүгінгі күні тауарларын ТМД елдеріне шығарады. Өнім арнайы зертханада, барлық стандартқа сай жасалады. Отандық өнімнің ерекшелігі - нарық бағасынан әлде қайда төмен бағамен сатылады.
Мұнай және тағамдық сұйықтықтарды тасуға арналған цистерналар Ақтөбеде де шығарылады. Оларды «НПО Автотехника» ЖШС өз кәсіпорынында құрастырады. Компанияның мамандары металлдан әртүрлі сыйымдылықтағы тасымалдау құралдарын жасап бере алады. Кәсіпорында болған мұнай саласының мамандары автоцистерна құрылысына ерекше қызығушылық танытты.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер мұнай-газ жабдықтарын өндіру және құбырлар шығарумен айналысатын "Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты" ЖШС-де болды. Зауытты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы желтоқсан айында өткен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірі кезінде іске қосқан болатын. Кәсіпорын өнімінің 20 пайызы ЕАЭО мен Қытай нарығына экспортталады, қалған бөлігін жергілікті тұтынушыларға сату көзделген.
Тур соңында кен орындарын пайдаланушы компаниялардың өкілдері «Ақтөбе-фильтр» ЖШС-не барды. Өнеркәсіп орны жоғары сапалы, шаң-тозаңға төзімді автокөлік фильтрлерін жасайды. Бұл фильтрлер көліктер мен ауылшаруашылық техникасын өндіретін кәсіпорындарға арналған, жеке тапсырыс беруге де болады. Өндіріс орындарын аралап шыққан кәсіпорын өкілдері турдың пайдалы болғандығын, ұсынылған тауарлардың сапасын, жасалу процесстерін көзбен көрудің артықшылықтарын айтты.
«Бүгінгі шара барысында өңіріміздегі өнеркәсіп орындары шығаратын өнімдердің жоғары әлеуетіне көз жеткіздік. Сатып алуларда біз тауарлардың қауіпсіздігіне баса мән береміз. Өндіріс басында болып, өнімнің қандай жағдайда шығарылатынын бақылау арқылы отандық өнімдердің сапалылығын анықтаудың сәті түсті. Кейбіріне біздің компанияның сатып алуларына қатысуға ұсыныс білдірдім»,-дейді «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ сатып алулар департаменті басшысының орынбасары Андрей Кудеев.
«Тетис Арал» ЖШС басшысы Балғабай Шаңбатыров та тур нәтижесінде, өз компаниясына қажетті қызметтерді таба алғанын айтады. Өндірісіне қажетті жабдықтар да, өндірістік химиялық құралдар мен фильтрлер де көңілінен шыққан. Тур барысында қатысушылар бір-бірімен байланыс нөмірлерімен алмасты. Ұйымдастырушылар осындай шаралар әлі де жалғасын табады деп сендірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: