«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Талапты еңбек табысқа жеткізеді

2018 жылғы 03 Шілде
- Ақтөбе облысы
1529 просмотров

Мол қаржың, беделді тамыр-танысың, айтарлықтай тәжірибең болмаса да табысты бизнес жүргізуге болады. Бұған «Ақтөбе агро» ЖШС жүргізіп отырған отбасылық көкөніс бизнесі дәлел. Осыдан 2 жыл бұрын Қайрат Нұрғалиев жұбайы Лиана екеуі өңірдегі нарықты зерттеп, пайдалы кәсіп көзін іздей бастайды. Нәтижесінде халықтың табиғи, қоспасыз азық-түлікке, әсіресе жергілікті өнімге сұранысының жоғары екенін анықтап, көкөніс дақылдарын өсіруді ұйғарыпты.

Қандайда бір істі бастарда сол саланы егжей-тегжейлі зерттеп алғанды жөн санайтын отбасы иесі бұл жұмысты да қолға алмас бұрын, алдымен, Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасына барып, мамандардан көмек сұрайды. Онда оған ақы талап етпестен, бизнес-жоспар құруға көмектеседі, сонымен қатар кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өтуді ұсынады. Кәсіпкерлер палатасының «Бизнес-өсу» жобасы бойынша білім алған ол Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жеңілдікпен 3 млн. теңге көлемінде несие алып, шаруашылыққа қажетті көлік пен құрал-саймандарын сатып алады.

«Алғашында тәжірибеміз аз болғандықтан, мамандарға жүгінгенбіз. Айтарлықтай қиындығы жоқ екен. Жаз науқанында көкөніс өсіруге отбасымызбен жұмыламыз. Бүгінде біз бұған таза бизнес ретінде қараймыз. Маусымдық жұмыс болғандықтан жұмысшыларды табу ғана қиындық келтіреді. Бұл үшін жақын маңдағы ауыл тұрғындарын жұмысқа тартып жатырмыз»,-дейді «Ақтөбе-агро» ЖШС басшысы Қайрат Нұрғалиев.

Былтыр алған несиесін биыл өтеп үлгерген бағбан қайта қаржыландырудан өтіп, суғаруға арналған сорғы қондырғыларын алды. Осы жылы шаруашылықтың жеріне 25 мың түп қызанақ, 20 мың қияр, 15 га картоп, 10 га қарбыз егілді. Енді қалғаны көкеністердің түбін қопсытып, уақытылы суарып тұру.

«Көшеттерді үйде өсіреміз. Тұқымды былтырғы өнімнен де, көрші мемлекеттерден тапсырыспен алдырамыз. Арзан болады демесек, өзге елдерден алдыру-қауіптірек. Әр түрлі жағдайлар болып тұрады. Бизнесті жалпы қиын де айтпас едім. Жер шұрайлы, су бар. Ерінбей еңбек етсең болды»,-дейді Қайрат Нұрғалиев.

Кәсіпкердің айтуынша, өнімдерді сатып алушыларды табу қиындық келтірмейді. Көтерме сауда өкілдері де, таныс адамдар да көкөністің піскен уақытын күтіп тұрады, көлік жүретін тас жолдың бойына да шығарып, сатса, тауарлар жылдам өтіп кетеді екен. Табыстың сырын сұрағымызда бағбан «Еңбек етсең ерінбей, тояды қаның тіленбей» деген нақыл сөз бүгінгі нарық заманында да өзектілігін жоймақ емес» – деп жауап берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер