«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сүйікті іс – табысты іс

2018 жылғы 04 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
1727 просмотров

Дәрігерлер өз кәсібін ашқанда оған бизнес емес, парыз деп қарайды

«Dental Klass» стоматологиялық клиникасының Ақтөбедегі  «Батыс-2» шағын ауданында қызмет көрсете бастағанына көп бола қойған жоқ, алайда, қала тұрғындары оларды өздері іздеп тауып, тістерін емдетеді. Өйткені емхана иелері Әсет Қожахметов пен Алексей Нейман - 20 жылдан бері осы салада қызмет етіп келе жатқан кәсіби мамандар. Клиника заман талабына сай жабдықталған, тіс емдеу мен жұлғызу қызметтерінен басқа онда протездеу мен имплантация әдісі сәтті қолданылуда. Емдеу бағалары қолжетімді. Емхана иелері тәжірибелі дәрігер ретінде клиникадағы қызмет сапасын жіті қадағалап, емделушілердің әрбіріне жеткілікті көңіл бөлуге тырысады. Өз емханасын ашқан дәрігер мамандар оған кәсіп түрі деп емес, адам өміріне жауапты қызмет деп қарауы тиіс деп есептейді емхана дәрігері Әсет Қожахметов.

«Тісті емдеу көп еңбекті, шыдамдылық пен үлкен біліктілікті қажет етеді. Жұмысымыз сәтті аяқталғанда бәріміз бірдей қуанамыз. Әсіресе, емделушілердің көңілінен шығу біз үшін өте маңызды. Мәселе туындай қалса, біз оны әрдайым клиенттеріміздің пайдасына шешуге тырысамыз», – дейді Ә.Қожахметов.

Табысты бизнес жүргізу үшін осы саланы жақсы меңгеру-басты талап болып табылады.  Өз жеке кәсібін ашу үшін болашақ кәсіпкерлердің, алдымен, бизнес ілімін үйренгені жөн дейді мамандар. Жеке орталық ашуды Ә.Қожахметов  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренингтерінен өтуден бастаған. 2 күндік «Бизнес-кеңесші» курсынан өткен олар тіс емдеу емханасының маркетингі, бизнес-жоспары, кәсіпкерлік психологиясы туралы толық мәлімет алып шықты. Орталықтан ыңғайлы орынды жалға алып, қажетті құрал-жабдықтарды «Даму» қоры арқылы сатып алды.

«Кәсіпкерлер палатасының есігін күн сайын ондаған адам ашып, кәсіп ашудың жай-жапсарымен танысады, егер кәсібі болса, оны әрі қарай тиімді жүргізудің әдіс-тәсіліне қанығады. Жобалар да сан-алуан. Бастысы, қазіргі кезде өз кәсібін ашамын деген азаматтарға ешқандай тосқауыл жоқ. Біз оларға жол көрсетуге әрдайым әзірміз», – дейді Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Бекжан Асаухан.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер