«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбеде биыл егілген майлы дақылдардың көлемі артқан

2018 жылғы 07 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
1717 просмотров

Ақтөбеде егін жинау науқаны басталды.

Өңірде биыл бидай, арпа, тарымен қатар қатар мақсары, зығыр, күнбағыс секілді дәнді дақылдар да себілді.  Аталған дақылдар қуаңшылыққа төзімді, шығыны аз, қалдықсыз өнім саналады. Соңғы жылдары өңірімізде жауын-шашын көлемі азайып, құрғашылық белең ала бастағаны белгілі. Сондықтан диқандардың кірістен гөрі шығысы көбейген еді.  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы осы мәселенің алдын алу үшін биыл көктемде өңірдегі ауылшаруашылық мамандарына арнап түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Өткізілген шаралардың нәтижесінде биыл себілген майлы дақылдардың үлесі артқан. Айталық, былтырғы жылмен салыстырғанда күнбағыс 30%, мақсары 93%, зығыр 3 есеге дейін өскен.

 

«Мен биыл 400 гектар жерге мақсары септім. Шамамен, 8 центнер өнім аламыз ба  деген үмітіміз бар.  Бір жақсысы, дәнді дақылдың бұл түрі айтарлықтай күтімді қажет етпейді. Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибелік станциясының мамандарынан қажетті кеңестерді алып тұрамыз. Шамамен, екі аптадан кейін жинаймыз. Өңірімізде ашылғалы тұрған май экстракциялау зауытының ашылуын күтіп отырмыз», – дейді Алға ауданының «Айдана» ЖШС басшысы Ахмет Нұғманов.

«АКМЭЗ» май зауыты Ақтөбе облысының Хромтау ауданына қарасты Ақжар елді мекеніне жақын аумақта салынған. Бүгінгі күні зауыттың барлық жөндеу жұмыстары бітіп, су құбырлары, электр желілері тартылған, енді жақында газ өткізілмек. Зауыттың жалпы жоба құны 1,2 млрд теңгені құрайды, оның 796 миллионы «Қазагро» ҰБХ  Ақ арқылы қаржыландырылған. ӨндірістіҢ қуаттылығы 17 мың тонна май және 23 мың тонна жемшөп күнжарасы. Зауыт осы жылдың қазан айында іске қосылады деп күтілуде.

«Зауыттың ашылуын мүмкіндігінше егін жинау науқанына үлгертуге тырысып жатырмыз. Диқандардың қобалжымауына болады, біз уәде бергеніміздей, дәнді дақылдарды қабылдап аламыз. Бүгінгі күні дақылдарды қабылдаудан бастап, оны кептіріп, сақтайтын және май дайындайтын құрылғылардың барлығы дайын тұр»,-дейді «АКМЭЗ» ЖШС басшысы Мұрат Селенов.

Зауыт іске қосылғаннан кейін дайын өнімдерді өз елімізден басқа Қырғызстан, Тәжікстан,Түркіменстан, Қытай және Ауғаныстан елдеріне экспорттау жоспарланған.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер