«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тегін оқып, білікті маман атан!

2018 жылғы 18 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
1602 просмотров

Айшагүл Майлыбаева – сауда саласының маманы, ұзақ жыл сатушы болып қызмет жасаған. Қазіргі уақытта жұмыссыз, ол жақында Қалалық жұмыспен қамту орталығына тіркелген екен. Күнделікті өмірде ол тәтті тағамдар пісіруді жаны сүйеді, түрлі тағамдар дайындаудан еш жалыққан емес.

Осы бір сүйікті ісін мамандығына айналдыруды көптен армандапты. Алайда, отбасы, балалардың қамымен жүріп, ұзақ уақыт оқуға мүмкін болмапты. Сондықтан, ол қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлерінің кәсіпорындар жанында құрылған оқу орталықтарында қысқамерзімді аспаздық курсынан өту туралы ұсынысын қуана қабылдапты. Осы жылдың маусым айында «Ақтөбе облысының мейрамхана және қонақүй бизнесі» ҚБ жанындағы «Дамыту» оқу орталығында» аспаздық курсты бастаған ол бүгін өзі секілді 9 жұмыссыз азаматшалармен бірге орталықтың аспазшы куәлігін алды.

«Үш ай көлемінде біз мейрамхана аспазына қажетті барлық қасиеттерді үйрене алдық. Жұмыс орнындағы талаптардан бастап, қамыр илеу, тағам мәзірін жасау, үстелді сәндеу секілді машықтарды меңгердік. Аспазшылықты жұмыс орнында үйренудің артықшылықтары көп. Өйткені бұл мамандықты игеру үшін ең қажетті нәрсе-тәжірибе», – дейді Айшагүл Майлыбаева.

Кәсіпорындарда немесе салалық қауымдастықтар жанында білікті маман даярлау «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 2017 жылы ұйымдастырылған болатын. Сондай-ақ, былтыр кәсіпорындар базасында ашылған оқу орталықтарын тіркеу үшін ҚР «Атамекен» ҰКП оқу орталықтарының Реестрі жасалды. Бүгінгі күні бұл реестрге Ақтөбе облысы бойынша 10 кәсіпорын тіркеліп, мамандар даярлаумен айналысып отыр. Биыл осы орталықтарда 254 адам 13 мамандық бойынша білім алып, олардың жартысынан астамы жұмысқа орналасты.

«Ақтөбеде қызмет көрсету, оның ішінде қоғамдық тамақтандыру саласы өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Ал бұл өз кезегінде кәсіби мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Мейрамхана және қонақүй бизнесі қауымдастығына мүше рестораторлардың басты проблемасы – осы білікті кадрлардың жетіспеушілігі дер едім. Ендеше, орталықты бітірген мамандар жұмыссыз қалмайды»,– дейді Б.Тілегенова.

Тағы бір айта кетерлігі, аталған курстарға қатысушылар оқығандары үшін ақы төлемейді, керісінше оларға «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша 16 759 теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер