«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Оюмен өрілген бизнес

2018 жылғы 28 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
3580 просмотров

Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының тегін бизнес-курстарынан кәсіпкерлік негіздері туралы сабақ алып, бизнес әлеміне еркін еніп жатқан кәсіпкерлер аз емес.

Жыл басынан бері  Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасында «Бизнес-мектеп» құрауышы бойынша 1530 адам оқыған.Тренинг түлектерінің еңбек етіп жатқан салалары да әртүрлі. Олардың арасында ұлттық дәстүр-салтымызды бизнесіне арқау етіп жүрген кәсіпкерлер де баршылық. Алайда олар өз кәсіптеріне бизнес емес, салт-дәстүрді жаңғырту деп қараймыз дейді.

Ұлттық нақыштағы бизнесті табысты деуге бола ма?

Ұлттық болмысымызды айшықтайтын қолөнерлік бұйымдар, ұлттық тағамдарымыз, құрал-саймандарымыз сонау көне заманнан осы кезге дейін халықпен бірге жасап келеді. Дүкендер мен базарларда шетелдік тауарлардың толып тұрғанына қарамастан, ұлттық нақыштағы бұйымдарға деген сұраныс бүгінгі күні де жоғары.  Заман өзгеріп, жаңарған сайын олар да түрленіп, жасау технологиясы мен материалдары өзгергеріп, сапасы жақсара бастады.  Бұндай заттарға бағаның да төмен болмайтыны белгілі. Салт-дәстүріміздің ең бір көрініс табатын жері – ас үй. Бабымен піскен қазақша ет, тіл қуырар қуырдақ, қызыл бауырсақ пен сары қымыздан бас тартатын қазақ жоқ, егер олар нағыз маманның қолынан шықса, халық іздеп жүріп жейтін дәмге айналады. Ақтөбе қаласы маңындағы Заречный елді-мекенінде орналасқан «Алтын сақа» кафесі, міне, дәл осындай жер. Ашылғанына бір жыл ғана болғанымен, бүгінде бұл кафе ауылдастардың ұлттық тағамдардан дәм татқысы келгенде жиналатын сүйікті орнына айналды. Кафенің ішкі дизайны қазақы үлгіде болғандықтан, түрлі дәстүрлі мерекелер де мұнда жиі өткізіледі.

«Кафені отбасылық бизнес ретінде ашқанбыз, жер алып, өзіміз қолдан тұрғыздық. Ойласа келе, ұлттық тағамдарға басымдық беретін кафе болу керек деп шештік. Ұлттық тағамдарды жасауды барлығы білгенімен оның да өз құпиялары бар. Біз тамақ әзірлеуден бастап, қонақ келіп кеткенге дейінгі процесстің барлығын қадағалауға тырысамыз. Дәмханамыз әзірге өз шығынын өзі жабады, отбасының қажетіне де аздап ауысады. Бағаны өте қымбат қылмауға тырысамыз. Тойларды бір адамға 3500-4000 теңге төлеп өткізуге болады. Қонақтар риза болып жатады, бізің қазіргі жетістігіміз – сол», – дейді «Алтын сақа» дәмханасының иесі Динара Қасбаева.

Ұлттық нақыштардың тағы бір жарқырап көрінетін тұсы – үйлену тойлары. Әсіресе, қалыңдықтың киімі мен жасауы қазақы ою-өрнегімен көз тартып, бірегей дәстүр-салтымызды паш етіп тұрады. Ұзататын қызға арнаулы жасау-жабдық жасау бүгінде өңіріміздегі ісмерлердің басты қаражат көзіне айналды десек қателеспейміз.  Жеке кәсіпкер Шамшагүл Мерееваның қыз жасауын даярлаумен айналысқанына 1 жыл ғана болды. Алғашында үйде отырып, тапсырыс алған ол бара-бара кәсібін кеңейтіп, шағын тігін шеберханасын жалға алып, жұмыс істеуде. Ұлттық бұйымдар әсіресе, жаз айларында, сосын Наурыз мерекесінде жақсы өтеді дейді ол.

«Тігін кәсібімді нөлден бастадым деуге болады. Жасау дайындаймын, автокөлік орындықтарының тысын тігемін. Қазақы ою-өрнекпен көмекерілген қолөнер бұйымдарына тапсырыстар жиі түседі. Әсіресе, қыз жасауы ерекше етіп жасалатындықтан, бағасы арзан дей алмаймын. Көрпе-төсекті кемінде 250-500 мыңға тігемін. Айына әзірге 3-4 тапсырыс қабылдай аламын. Кәсібімді кеңейтсем деймін», – дейді ісмер.

Ата-бабамыз көшпелі өмір сүргендіктен ағаш бұйымдарын кеңінен қолданған. Мұндай дүниелер қазір де үлкен сұранысқа ие. Өйткені, ағаш ыдыс-аяқтар мен әбзелдер экологиялық таза бұйымдарға жатады әрі табиғи болғандықтан сапасы жоғары болып келеді.  Самат Жорғабаев – ағаштан жасалған жиһаздар мен тұрмыстық бұйымдарды өз қолымен әзірлейді. Ағаштан түйін түйген шебер ыдыстармен қатар, бесік, сандық, үстел, орындық секілді жиһаздар жасайды. Оның бұйымдарына өзге қалалардан да сұраныс көп түседі. Өйткені сапасы жоғары, бағасы қолжетімді.

«Бұйымдарым өте қымбат емес. Нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан. Астау мен бесікті мысалы, 15 000 теңгеге жасап бере аламын. Ұсынысқа қарай, бұйымдардың көлемін, өнерін әртүрлі қылып дайындай беруге болады. Мысалы, үстелдерді сапасы жағынан дүкендікінен ажырату қиын, бірақ бағасы өте қымбат емес, 1 метріне 12 000 теңге аламын. Тапқан қаражатым өзгеге алақан жаймай өмір сүруге жетеді», – дейді Самат Жорғабаев.

Бұл үш кәсіпкер де Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткізілетін «Бизнес-кеңесші» кәсіпкерлік курстарынан дәріс алды. Бұл трненинг ісін жаңа бастап келе жатқан және де өз бизнесін енді бастағысы келетін кәсіпкерлерге арналған. Оқыту барысында тыңдаушылар бизнес-жоспарды қалай жасауды, кәсіпкерлікті қолдаудың қандай мемлекеттік бағдарламалары бар екендігін, мүмкін болатын қауіптерді қалай есептеу керектігін үйренеді. Бизнес-сабақтарына қатысқан кәсіпкерлер алған білімдерінің ең алдымен өз күштеріне сенім ұялатуға көмектескендерін айтады. Кәсіпкерлер Ақтөбе облысы “Атамекен” кәсіпкерлерді қолдау орталығында бухгалтерлік, салықтық және статистикалық есеп, маркетинг, кедендік рәсімдер, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік және ақпараттық технологиялар салалары бойынша тегін қызмет ала алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер